Еліміздің әр қаласының өзіне тән бас жоспары болуы – заңдылық. Кез келген қала соған сәйкес өсіп-өркендеп, дами алады. Бұрнағы күні облыстық әкімдікте өңір басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалығымен қала құрылысы кеңесінің отырысы өтіп, Петропавл қаласының бас жоспарына енгізілетін түзетулер жобасы талқыланды.
Бұл құжатқа енгізілетін түзетулер жоспарын алматылық “Градо” ПФ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әзірлеген екен. 2005 жылы Петропавл қаласының бас жоспарын дайындаған серіктестік бұл жолы енгізілетін түзетулердің төрт нұсқасын ұсына отыра, ең қолайлысы туралы пікірлерін білдірді.
– Жоба бойынша қалаға жапсарлай орналасқан елді мекендерді пайдалануға мүмкіндік туады. Өндіріс кәсіпорындарын қайта жаңарту идеясын да қарастырдық. Яғни, кәсіпорындарды ол жерден шығарып, тұрғын үй құрылысын жүргізу арқылы өндірістік аумақты тиімді пайдалануды ұсынамыз. Себебі, бұл тәжірибе Алматы және өзге де қалаларда бар, – деді серіктестік директоры Әркінжан Мәметов.
Петропавл қаласының 2050 жылға дейінгі бас жоспарына сәйкес шаһар халқының саны 400 мыңға дейін өсуі мүмкіндігі ескерілген. Осы орайда жобалаушылар “Солнечный” кенті, “Береке”, “Копай”, Юбилейная, Оңтүстік және ДСР шағынаудандарын дамытуға басымдық беріп отыр. Жаңа саябақтар, демалыс орындары пайда болмақ. Ал қаланың өткенінен сыр шертетін тарихи орындар сол қалпында сақталады.
Қала құрылысы кеңесінің мүшелері бас жоспарға қатысты ұсыныстары мен ескертулерін айтты. Себебі, дені бас жоспарға енгізілетін түзетулермен тек отырыс барысында ғана танысқан.
– “Береке” шағынауданындағы көшелердің ені тым тар. Онда қарама-қарсы келген екі машина әрең өтеді. Қазір бір отбасында бірнеше көлік бар. Алайда, оларды қоятын орындар қарастырылмаған. Мұның барлығын осы тұжырымдамада көрсету қажет, – деді облыстық экология департаментінің басшысы Ермек Омаров.
Отырысты қорытындылаған облыс әкімі Ерік Сұлтанов қала құрылысы кеңесінің мүшелеріне құжатпен жан-жақты танысып, ескертулерінің ескерілгенін қадағалауды тапсырды. Ал 20 желтоқсан күні жоба қайта талқыланатын болды.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.