“Ресей теміржолдары” ААҚ-ның осы жылдың 14 желтоқсанынан бастап ТМД аумағындағы бірнеше елге, соның ішінде Қазақстанға қатынайтын кейбір пайдасы аз пойыз маршруттарын тоқтататыны туралы хабарламасы облыс жұртшылығын елең еткізді. Қазақстан Республикасы аумағында орналасқанымен, ведомстволық бағыныштылығы бойынша Ресейдің Оңтүстік-Орал теміржолына қарайтын Петропавл теміржол бөлімшесі үшін бұл, расында да, алаңдатарлық жай.
“Ресей теміржолдары” ААҚ-ның өкілі хабарлағанындай, мәселе Әзірбайжан, Украина, Қазақстан және Тәжікстан елдеріне қатынайтын пойыздар төңірегінде болып отыр. Ресей жағы оны “Пойыздарды тоқтату туралы шешім 2014-2015 жылдарға арналған қозғалыс кестесін түзету аясында қабылданды және осы маршруттар бойынша тасымалдың тиімсіздігіне байланысты”, – деп түсіндіреді. Сірә, бұл шешім кемінде бір жылға қабылданған сыңайлы.
Аталмыш жағдайға “Қазақстан теміржолы” компаниясы өз тарапынан түсінік беруде. Олардың айтуынша, 2014 жылғы желтоқсанның 14-інен бастап “Ресей теміржолдары” ААҚ-ның Қазақстанға қатынайтын жеті бағыттағы пойызының екеуі тоқтатылады. Олар: Новосібір – Алматы бағытындағы №325, 326 және Новокузнецк – Қарағанды бағытындағы №371, 372 пойыздар. Жергілікті теміржол қызметкерлерінің мәлімдеуінше, олар біздің Петропавл станциясы арқылы өтпейді. Яғни, жоғарыда аталған Ресей теміржолдары шешімінің біздің өңірдегі жолаушылар пойыздары қозғалысына айтарлықтай әсері болмасы анық. Станция арқылы бұрынғысынша Ресейге қатынайтын жолаушылар пойыздары аздаған кестелік өзгерістерге ұшырағаны болмаса, тұрақты қатынас маршруттарын жалғастыра береді.
Ал жалпы Қазақстан Республикасы бойынша айтсақ, Қазақстан жағынан Ресейге қатынайтын 10 пойыз қалады және “Ресей теміржолдары” ААҚ-ға қарасты 5 пойыз жүріп, екі ел арасында барлығы 15 пойыз қатынайды. Сондай-ақ, Қазақстан арқылы өтетін транзиттік пойыздар да өз маршруттарын сақтайды.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.