
Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде құрылған алғашқы лоукостер – “FlyArystan” әуекомпаниясы Алматы – Петропавл – Алматы бағытында әуе рейсін ашты. Петропавл халықаралық әуежайынан Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларына аптасына екі рет қатынайтын әуе рейстері бар. Ал былтыр Петропавл – Шарм-эль-Шейх – Петропавл бағытында чартерлі рейс ашылған болатын. Енді солтүстікқазақстандықтар Алматыға аптасына төрт рет қатынайтын болады. Енді олардың қатарына жаңа рейс қосылып отыр.
Алматыға саяхаттау құны 9999 теңгеден басталады. Ал жету уақыты 2 сағат 15 минутты құрайды. Жаңа бағыттағы билет сатылымы 13 наурыз күні www.flyarystan.com сайтында ашылады. Компания өкілдері саяхатты ертерек жоспарлап, арзан билеттерді қазірден бастап алуға кеңес береді. Себебі, ұшу күні жақындаған сайын, арзан билеттердің саны азаяды. 2019 жылы елімізде тарифтері екі есе арзан лоукостер – «FlyArystan» әуе компаниясы өз жұмысын бастаған болатын. Жаңа компания «Air Astana» әуе компаниясының базасында ашылған. Лоукостер жолаушыларды қысқа және орта қашықтықтарға арналған коммерциялық жолаушы тасымалдайтын 180 орындық «Airbus А320» ұшағымен тасымалдауда. Жаңа компания алдағы уақытта Қазақстанның барлық әуежайларын қамтымақ. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандарының айтуынша, былтыр өңірімізде ұшақ қызметін пайдаланушылар саны 2018 жылға қарағанда екі есе көбейген. Нәтижесінде 39 мың солтүстікқазақстандық діттеген жеріне жету үшін ұшақты таңдаған. Сондықтан лоукостердің қызметіне сұраныс болады деп күтілуде.
Сурет http://www.dambrovsky.com/ сайтынан алынды.