Биылғы мамыр айының 12-сі күні Қарағанды облысындағы Шет ауданының тумасы, жазушы Кәмел Жүністегі Қызылжар өңіріне арнайы ат басын тіреді. Оның өзіндік себептері де бар екен.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында Қарағанды мемлекеттік педагогика институтында оқып жүрген жастар ЕСЕП (Елін сүйген ерлер партиясы) партиясын құрыпты. Негізгі мақсат – Қазақ КСР аталып отырған елімізде салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды жаңғыртуға, ана тіліміздің мәртебесін үстем етуге, жойылып бара жатқан қазақ мектептерінің санын көбейтуге өзіндік үлес қосу сияқты өзекті мәселелер. Бірақ жастардың бұл ниетін сол кездегі билік басқаша қабылдапты. 1963 жылы соның басшысы ретінде Кәмел Жүністегін қамауға алып, 10 жылға соттапты. Сол жылы мамыр айында сотталғандарды Сібір жаққа апара жатып, жолда Петропавл түрмесіне әкеліп қамайды.
“Түрме ғимаратының қақпасы шығыс өрнегімен өрнектелген, есік-терезелерінің маңдайшасы доғаша иілген, іші де күмбезді.
Дәретке алып шыққан мұртты кәрі орысты мақтай сөйледім:
– Сіз көп білетін адам сияқтысыз. Мынау не үй?
– Бұл ханның сарайы, – дейді мақтағаныма мәз болған надзиратель.
Ертеңіне қолымды қайыра байлап, камерадағы киім-кешегімді де алдырмай, басқа камераға айдай жөнелді. – Қайда апарамыз? – деп сұрады жас надзиратель.
– Ажал камерасына.
– Тым жас қой. Онда не үшін? – дейді жастауы.
– Біз не бұйырса, соны істейміз, – деп қатуланды үлкені.
Сөйтіп, Сібірге алып кеткенше үш күндей ажал камерасының да “дәмін” таттым, – деп еске алған еді сол күндерді қарағандылық қаламгер. Бұл күндері жетпістің бел ортасына келген Кәмел ағамыз осы жолы Сібірге айдалып бара жатқан кезде өзі үш-төрт күн түнеген түрмені арнайы іздеп келіпті. Шамалауымызша, оның орнында қазіргі қуғын-сүргін құрбандарын еске түсіруге арналған алаң орналасқан. Сол жолы “Ажал камерасында” отырып, өлең шығарған екен. Кейін оны қағазға түсіріпті.
Кәмел Жүністегі 10 жылдың орнына 4 жыл түрмеде отырып, еліне оралған. Ұзақ жыл аудандық газеттің редакторы болған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Бес романның, бірнеше өлеңдер жинағының авторы. Бұл күндері 17-ші кітабын баспаға әзірлеп жатқан көрінеді. Осы сапарында жазушы түрме орналасқан алаңда, “Абылай ханның ақ үйі” мұражайында болып, резиденцияға “Едіге” романы мен өлеңдер жинағын қолтаңбасымен тарту етті.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.