«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПЕТРОПАВЛ ӘУЕЖАЙЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІ ҚАНДАЙ?

Петропавлдағы халықаралық әуежай соңғы жылдары ауыр кезеңдерді бастан өткерді, қарызға белшесінен батты, банкрот деп таныл­ды, қызметкерлер жалақыларын ала алмады. Осының салдарынан әуежай жұмысы уақытша тоқтатылды да. Кейін стратегиялық маңызы бар бұл нысан сенімгерлік басқаруға берілді. Бүгінде жағдай біршама тұрақталып, жаңа бағыттар ашылып, инфрақұрылым жаңғыртылып жатыр. Әуежайдың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен болашағы жайында «Қызыл-Жар халықаралық әуежайы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Уәлихан Жылысбаев баяндады.

 ҚИЫН КЕЗЕҢ АРТТА ҚАЛДЫ МА?

«Петропавл қаласының ха­лықаралық әуежайы» АҚ бірне­ше жыл бойы реабилитация­лық-банкроттық рәсімнен өт­кен. Нысанның 27 млн. теңге­ден астам жалақы қарызы мен үлкен кредиторлық берешегі болды. Ақыры әуежай банкрот деп танылып, сатылымға шыға­рылды.

2021 жылы қазіргі инвестор келісімшартқа отырмай тұрып, әуежайды ұстап тұруға қаражат сала бастаған. Ал 2022 жылдан бастап нысан ресми түрде сенімгерлік басқаруға берілді. Содан бері 1,3 млрд. теңге ин­вестиция салынған. Ең ірі жоба – жанар-жағармай кешенін жа­ңарту. Бұған қоса, жарық-сиг­налдық жүйе қалпына келтірілді, барлық ескі техника жөнделіп, жылыту жүйесі то­лық жаңартылды, қызметкер­лердің біліктілігін арттыруға қаржы бөлінді.

– Бұрын әуежайға ағаш жаңқасымен жанатын қазан­дық орнатылған болатын. Қазір көмірмен жылытылатын жаңа жүйе жұмыс істеп тұр. Барлық батареялар алмастырылды, – дейді Уәлихан Әуесханұлы.

Бұған дейін қызметкерлер жалақы кешігуіне жиі шағым­данатын. Бүгінде бұл мәселе шешімін тапқан. Еңбекақы уа­қытында төленеді. Бірақ жала­қы 200 мың теңге шамасында ғана. «ҚызылЖар халықара­лық әуежайы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директо­рының орынбасары Уәлихан Жылысбаев маман тапшылығы бар екенін айтты.

Авиацияда жұмыс істейтін мамандар арнайы даярлықтан өтуі тиіс. Бір қызметкерді Алма­тыға он күнге оқыту үшін шама­мен 1 млн. теңге жұмсалады. Бұл – міндетті шығын.

ШЫҒЫН КӨП, ТАБЫС АЗ

2024 жылы әуежайдың жал­пы шығыны – 440 млн. теңге болды. Ал қаржылық залал – 72 млн. теңге. Бұл қаржыны ин­вестор өтеген.

– Әуежай – бұл коммерция­лық емес, әлеуметтік жоба. Қаржы құйылмаса, даму бол­майды. Мәселен, түнгі рейс­терді қабылдау үшін жарық- сигнал жүйесін әуеден шолу қажет, бұл қызметтің өзі – 6 млн. теңге. Әуежай – өңірдің дамуын айқындайтын страте­гиялық нысан. Авиация инф­рақұрылымынсыз өңір ілгері­лей алмайды, – дейді Уәлихан Жылысбаев.

Айта кетейік, 2021 жылы Петропавл әуежайынан бар болғаны 14 мың жолаушы ұш­қан болса, 2024 жылы бұл көр­сеткіш 126 мың адамға жеткен. Бұл – соңғы үш жылда жасал­ған еңбектің нақты нәтижесі.

АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ – ШАРМ-ЭШ-ШЕЙХ

Жуырда Петропавлдан Мы­сырдың курортты қаласы Шарм-эш-Шейхке тікелей рейс ашылды. Бұл – соңғы жылдарда алғаш рет іске қосылған халықаралық бағыт.

– Жаңа бағыттар ашу үшін белгілі бір талаптарды орындау керек. Әуе компаниялары рейстің қаржылай тиімді болға­нына мән береді. Ал біздің қа­ланың өз ерекшелігі бар, 200 мыңдай ғана адам тұрады. Ең­бекақы мардымсыз, яғни тұр­ғындардың басым бөлігінің ма­териалдық жағдайы төмен, жо­лаушылар ағынын қалыптасты­ру оңай емес. Сол себепті ал­ғашқы халықаралық рейсті Шарм-эш-Шейх бағытына аш­қан жөн деп ойладық. Бола­шақта Түркия бағытын ашуды да қарастырамыз. Барлық чар­терлік рейстер әдетте көктемде ұйымдастырылады. Егер әуе компаниясы шешім қабылдаса, біз дайынбыз. Жаңа рейстің қа­жеттігін көрсету үшін өз тара­пымыздан мониторинг жүргі­земіз. Бірлескен күш-жігермен нәтижеге қол жеткізуге тырыса­мыз, ойлағанымыз жүзеге асқан жағдайда Boeingтар Түркияға ұшатын болады, – дейді Уәли­хан Жылысбаев.

Әуе компаниясына да қо­йылатын бірқатар талап бар. Олардың паркі қаралады. Өйт­кені жылдың басында қолда бар ұшақтар белгілі бір бағыттарға бекітіледі. Жылдың ортасында оны өзгерту қиын. Халықара­лық бағыттарды дамыту үшін жаңа жанар-жағармай кешені іске қосылған. Бұл ұзақ қашық­тыққа ұшатын әуе кемелеріне жанармай құюға мүмкіндік бе­реді.

Қазір Петропавлдан Астана мен Шымкентке субсидиялан­ған рейстер ұшады. Алматы ба­ғытына рейс – коммерциялық негізде. Енді «Петропавл – Ақ­тау» бағытын субсидиялау жөнінде өтінім жіберілген.

– Субсидияланған рейстер республикалық бюджеттен қар­жыландырылады. Белгілі бір процедуралардан өту қажет. Біз өтінімді дайындап, тиісті орын­дарға жолдадық, – дейді әуежай басшылығы.

Петропавл халықаралық әуежайы – өңір үшін маңызды стратегиялық нысан. Жаңа ба­ғыттар ашылып, инфрақұры­лым жаңартылғанымен, толық қаржылай тұрақтылық жайлы айтуға әлі ерте. Бұл мәселені шешу үшін инвестор мен мем­лекет арасындағы ынтымақтас­тық жалғасуы қажет. Өйткені әуе қатынасы дамымай, өңірдің де әлеуеті толық ашылмайды.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp