«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПЕТРОПАВЛ ӘУЕЖАЙЫН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ биылдан бастап қолға алынады

Кеше облыс әкімі Ерік Сұлтанов Петропавл халықаралық әуежайының жай-күйімен танысты.

Кезінде дүркіреп тұрған Петропавл халықаралық әуежайының тоқырау жылдарында шаруасы шатқаяқтап, жекеменшіктің қолына өткен болатын. Алайда, онда да көсегесі көгерген жоқ. Жабылып қалуға шақ қалды. Себебі, көрсететін қызмет түрлері талаптарға сай емес. Бүгінде мемлекет меншігіне қайта өтіп, тамырына қан жүгірді. Қазіргі күні бұл жерден аптасына 5 рет – Астанаға, 3 рет Алматыға ұшақ қатынайды. Рейс санын арттыру үшін аталмыш мекемеде қыруар жұмыс атқару міндеті тұр.

Әуежай ғимаратының өзі де күрделі жөндеуді талап етеді. Қыста нысан іші жылытылмайды. Күту залы, демалыс орны мен асхана жұмыс істемейді.

Ғимарат маңайын да тиісінше абаттандыру қажет. Бүгінгі кескін-келбеті көңіл көншітпейді. Осыған назар аударған облыс әкімі әуежай басшылығына ескіні бұзбай, оны заман талабына сай қалпына келтіру қажеттігін атап көрсетті.

Әуежайдың “халықаралық” деген атауы бар. Алайда, бүгінде атына заты сай емес. Осыны тілге тиек еткен облыс әкімі жауапты тұлғаларға нысанды күрделі жөндеуден өткізу үшін қанша қаражат кететіндігін есептеп, жобалық-сметалық құжат әзірлеуді міндеттеді.

– Қазір облыстық әкімдік, Көлік және коммуникация министрлігі азаматтық авиациямен бірлесіп, әуежайды жөндеуден өткізу тұрғысында жұмыс атқаруда. Биылға республикалық бюджеттен бөлінген қаражат 250 миллион теңгені құрайды. Оған бірінші кезекте жобалық-сметалық құжаттар мен техникалық экономикалық негіздеме әзірлейтін боламыз. Қаржы артылып жатса, жөндеу жұмыстарына кірісеміз, – дейді облыстық Жолаушылар тасымалы және автөкөлік жолдары басқармасының басшысы Бейбіт Исманов.

Петропавл халықаралық әуежайы 1974 жылы салыныпты, ал 1992 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген.

– Ұшу-қону жолдарын бірінші кезекте жөндеу керек. Қажетті құжаттар толығымен әзірленісімен оны республикалық “Қазаэропроект” кәсіпорнына жолдаймыз. Олардың шешімдері дайын болған соң жөндеу жұмыстарына кірісеміз. Бұл жұмыс аяқталғаннан кейін ғана ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуді қолға аламыз, – дейді “Петропавл халықаралық әуежайы” АҚ президенті Виктор Шевелев.

Шаруалары қанша шатқаяқтаса да, жұмысын тоқтатпаған кәсіпорында бүгінде 96 адам еңбек етеді екен. Жалақы төңірегінде ескі қожайындарынан жинақталған қарызы бүгінде 25 миллион теңгеге жуық. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға берешек мәселесін де биылдан қалдырмай шешу керектігін ескертті.

Самат ЕСМАҒИ,

журналист.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp