Өңірімізде қыстың ызғары сезіле бастады. Бұл кезде төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлерінің жұмысы да көбейеді. Бүгіндері департамент мамандары үй-үйді аралап, өрттің алдын алуға, әсіресе, пештерді дұрыс пайдалануға байланысты түсінік жұмыстарын жүргізуде. Өйткені, оттың пештен шығуы жиі кездеседі.
Өртсөндірушілер Қызылжар ауданының Бескөл ауылында да болды. Олар дауыс зорайтқыш құрылғысы бар автокөлікпен тұрғын-үй секторлары мен аулаларды аралап, ондағы тұрғындарға жылыту пештерін, газ баллондарды, электр құрылғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, жақында өрт оқиғасы орын алған үйлерге кіріп шықты.
Жергілікті тұрғындарға тақырыптық жадынамалар таратылып, өртке қарсы ережелер түсіндірілді. Кейбір тұрғындар үйіндегі пештерін көрсетіп, техникалық жағдайын тексертті. Өртсөндірушілер жұртқа мұржаны уақтылы тазартып отыруға, күлді арнайы орынға шығарып, пештің алдына темір қалып орнатуға кеңес берді.
Жыл басынан бері облыста 505 өрт оқиғасы тіркеліп, 90 млн. теңгенің материалдық шығынына ұшыратқан. Өрт кезінде 17 адам қаза болды, 29-ы түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алды.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті
мемлекеттік тіл және ақпарат тобының жетекшісі.