Жыл басынан бері облыста 109 өрт оқиғасы тіркелді, одан келген залал 15 миллион теңгеден асады. Отта 6 адам қаза тапты және 7-еуі әртүрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алды. Соңғы аптаның ішінде 11 өрт шықты.
Петропавл қаласындағы Копай шағынауданындағы жекеменшік тұрғын үйлердің бірінде 4 пен 14 жас аралығындағы бес бірдей бала газға тұншыға жаздады. Кейін анықталғанындай, пештің мұржасы түтінді дұрыс тартпайтын болып шықты. Оны ертеңгілік жағып, шаруасымен шығып кеткен анасы үйіне оралғанда балалары басы ауырып, әлсізденіп отырғандарын айтқан. Жедел жеткен медициналық көмек оларды ауруханаға жеткізді. Бір сағаттан кейін жағдайлары тұрақтанған төрт бала үйлеріне қайтарылып, ал біреуі облыстық балалар ауруханасында емдеуде жатыр.
Облыс орталығындағы Совхозная көшесінен 2011 және 2013 жылы туған тағы екі бала газбен уланып, ауруханаға жеткізілді. Олардың ата-аналары тұрған үйден өрт шығып, оның шатырын, ішкі жапсырмаларын және жеке заттарын күйдіріп жіберген. Өрт аумағы 60 шаршы метрге тараған.
Айыртау ауданының орталығы – Саумалкөл ауылында пеш тұрғызған кезде өрт қауіпсіздігі тәртібінің сақталмауынан тігін цехымен және дүкенмен қосақталған тұрғын үйде өрт шықты. Абырой болғанда, №7 өрт сөндіру бөлімінің жауынгерлері отты жедел ауыздықтап, оның кең тарауына жол бермеді. Оның от жағатын жылу қазандығы мен төбесіне аздаған зақым келді.
Әрине, шығып жатқан өрттің бәріне жалғыз пеш қана кінәлі емес, электр сымдарының қысқа тұйықталуынан және тұрғындардың өз бейқамдықтарынан да зардап шегіп жатқандар жетерлік. Десе де, тұрғындардың, әсіресе, үйдегі пештен шығатын өртке жол бермеулерін, қауіпсіздік ережелеріне өте абай болуларын өтінеміз. Қыс аяқталып келе жатқанымен, әлі кемінде үш айға жуық пеш жағарымыз анық. Тозығы жетіп тұрған ескі қонысжайларда үй жылыту мәселесінің қашанда қауіп-қатерге толы болары рас. Әйтеуір, оттың шығуына жол бермей, жарамсыз пештерді дер кезінде жөндеп, барынша сақтық шараларын жасауды ұмытпайық. Өрт шыға қалған жағдайда дереу “101” өртке қарсы күрес немесе “112” құтқару қызметіне қоңырау шалыңыздар.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің
баспасөз хатшысы.