Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте орақ науқаны кезінде өрт қауіпсіздігін сақтау және тұрғын үй секторында өрттердің алдын алу тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.
Департаменттің мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бастығы Игорь Балеев жергілікті БАҚ өкілдеріне облыстағы жағдай және жүргізіліп жатқан алдын алу шаралары туралы айтып берді.
– Жыл басынан бері облыста 466 өрт тіркелді. Тілсіз жаудың кесірінен 13 адам қаза тапса, оның біреуі – бала. Келтірілген материалдық шығынның мөлшері 77 млн. теңгені құрады. Алайда, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда биыл өрттердің саны – 11 пайызға, ал материалдық зиянның мөлшері 25 пайызға төмендеді, – деді Игорь Анатольевич.
Оның айтуынша, астық жинау науқаны департаменттің ерекше бақылауында. Шаруа қожалықтарында алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқаны, астық танаптарында өртке қарсы қызмет талаптарының сақталуын тексеру рейдтерінің де ұйымдастырылатыны айтылды. Өткен жылы күзгі дала жұмыстары кезінде алқаптарда 3 өрт оқиғасы орын алған. Нәтижесінде қызыл жалын 889 гектар алқапты отқа ораған. Ал үстіміздегі жылы танапта бірде-бір өрт оқиғасы тіркелген жоқ.
Сондай-ақ, ол 15 қыркүйекте басталған тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі айлығының барысына да тоқталды.
– Жыл басынан бері тұрғын үй секторында 326 өрт тіркеліп, 65 млн. теңге материалдық шығын келген. Үстіміздегі жылы орын алған өрттердің 30 пайызы жылыту пешін пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдарынан болған. Әрине, жылыту кезеңінің басталуына байланысты осындай оқиғалардың саны артуы мүмкін, – деді Игорь Балеев.
Денис ШУВАЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және алдын алу басқармасының бастығы.