Жыл басынан бері облыста 131 өрт болып, одан 17 млн. теңгедей материалдық шығын келді. Отта 8 адам қайғылы қазаға ұшырап, 7 адам әртүрлі деңгейде дене жарақатын алды. Өткен аптада облыста 13 өрт тіркелді.
Қызылжар ауданының Соколовка ауылында қосалқы шаруашылығындағы моншаның пешін жағып жатқан 35 жастағы үй иесі 1-2-дәрежелі бет күйігімен ауруханаға жеткізілді.
Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Новоселовка ауылындағы пешті пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігін сақтамау, тұрғын үйдің отқа орануына әкеліп соқтырды. Оттан төбенің жабылғысы бүлінді. Үй жиһазы пешке жақын қойылып, оның ағаш құрылғылары қызғаннан от шыққаны енді анықталып отыр.
Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылының тұрғыны пештің сөніп үлгермеген күлін қора-қопсының іргесіне төгіп отырған. Соның салдарынан қораның қабырғасы, төбесі жалын құшқан.
Айыртау ауданындағы саумалкөлдік тұрғын моншаның пешін жағып, оны қараусыз қалдырған. Пештің қақпасы ашылып кетіп, одан сәкіге түскен қып-қызыл шоқ моншаны отқа ораған. Жедел жеткен өртсөндірушілер от ошағын бір сағаттың ішінде ауыздықтап, қора-қопсыларды аман алып қалды.
Петропавлда алдын ала жасалған болжам бойынша сымдардың қысқа тұйықталуынан “Volkswagen Passat” автомобилі мен “Shaolin Sig 6660 sge” маркалы №28 бағыттың автобусында өрт шықты. Тілсіз жаудан көліктердің зақымданғаны болмаса, зардап шеккен адамдар жоқ.
Көктем күшіне еніп келеді, алайда, пеш жағу маусымы аяқталуға әлі ертерек. Сондықтан пешті пайдалану кезінде сақ болу керектігін еске саламыз.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз хатшысы.