«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПИК ТӨРАҒАЛАРЫНЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ ҚАЖЕТ

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы ғимаратында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институтының ұйымдастыруымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және тұрғын үй көмегі бюджеттік бағдарламаларын әлеуметтік тексеру нәтижелері бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Оған мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары қатысты.

Петропавлдың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қауымдастығының төрағасы, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институтының директоры Сергей Худяковтың айтуынша, аталмыш ведомство мамандары үстіміздегі жылдың І тоқсанында екі бюджеттік бағдарламаға әлеуметтік аудит бойынша зерттеулер жүргізген. Оның біріншісі тұрғын үй көмегі де, екіншісі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың бюджеттік бағдарламалары. Зерттеулерді жүргізуге “Сорос-Қазақстан” қоры көмектесіп, грант бөлген.

Интервьюерлер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша жөнделген үйлердің тұрғындарымен сөйлесіп, екі кезеңде сауалнама өткізген. Сауалнаманың бірінші кезеңі тұрғын үй көмегін алғандармен, екіншісі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша жөнделген үй иелерінің аталмыш бағдарламаларды одан әрі жақсарту бойынша пікірлері мен ұсыныстарын жинау үшін ұйымдастырылған. Шарада екі мыңдай адам қамтылған.

“Зерттеу нәтижесінде аталмыш бағдарламалардың тиімділігіне, оны жақсарту бойынша тұрғындардың ұсыныстарына, пәтер иелері кооперативтерінің рөліне көзқарастары айқындалды”, – деген Сергей Худяков сауалнамаға қатысушылардан тұрғын үй жәрдемақыларын алу шараларын оңтайландыру бойынша бірқатар ұсыныстар түскенін айтты. Тұрғындардан жиналған сауалнамада құжат жинау шарасының жеңілдетілуі, оның электрондық нұсқада берілуі, анықтамаларды бір жерден алу мүмкіндігі, қартаң жандарға әлеуметтік қызметшілердің көмек көрсетуі сияқты ұсыныстар көп түскен. Сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша мердігер ұйымдардың жауапкершілігі мен мемлекеттік бақылауды күшейтіп, кепілдік уақытын көбейту, жөндеу жұмыстарының барысына қоғамдық бақылау енгізу, жөндеу сметасын жұртшылыққа түсінікті түрде құру, тағы басқа да пікірлерін айтқан.

Жиында пәтер иелері кооперативтері төрағаларына өздеріне қарасты үйлерде түсінік жұмыстарын жүргізіп, республикалық және жергілікті нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру бойынша ұсыныстар жасау және қоғамдық бақылауды дамытуда кедергілерді анықтау жөніндегі шараларға белсене қатысу тапсырылды. Аталмыш жұмыстар Қазақстан Республикасының 2015 жылғы “Ақпаратқа қолжетімділік туралы” және “Қоғамдық кеңестер туралы” Заңдар аясында жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ, ПИК төрағаларына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша баспаналарын жөндетуге өтініш берудің жеңілдетілген жолдары, аталмыш шараның тиімді жақтары түсіндірілді.

. Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp