«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПИМА БАР, БІРАҚ…

“Петропавл қой жүнін өңдеу” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – өңірдегі пима мен киіз басатын жалғыз өндіріс орны. Пима шығаратын кәсіпорын 1934 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Тұтынушылардың сұранысын қамтамасыз еткен фабриканың талай дүрбелең кезеңдерді бастан кешіргені белгілі. Бірақ бұл кәсіпорын жұмысын ешқашан тоқтатқан емес.

– Қазіргі таңда бізде 50 адам жұмыс істейді. Орташа жалақы – 75 мың теңге. Ерлер мен әйелдерге, балаларға лайықты пима басамыз. Сегіз сағатта 600 жұп пима шығаруға мүмкіндігіміз бар. Бірақ бұл көрсеткіш 100-150 жұп пимадан әрі аспайды. Өйткені, қоймамыз лық толы. “Петропавл қой жүнін өңдеу” ЖШС-нің директоры Хансейіт Әнетов әңгімесін осылай бастады. Сонда тауарлар не себепті өтпейді деген сауалға ол бұл мәселені еліміздегі экономикалық жағдаймен байланыстырды. Әрі бүгінгі таңда бәсеке де жоғары. Мәселен, Көкшетау, Қостанай, Орал, Семей қалаларында пима басатын кәсіпорындар бар. Хансейіт Әнетовтің айтуынша, олар Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланымен әріптестік байланыста. Үш жыл бойы тапсырыс қабылдап, сұраныс бойынша жұмыс істеген. Биыл да бұл жұмыс жалғасын табатынына кәсіпорын директоры нық сенімде. Алайда, Қорғаныс министрлігі басында 5 мың жұп пимаға тапсырыс берген болса, былтыр бұл көрсеткіш 2 мыңға әзер жеткен. Сол себепті жұмыс баяу қарқынмен дамуда. Бұл жағдайға кәсіпорын басшылығы да, жұмысшылар да ешқашан еңсесін түсірмейді. Өңірімізде пима мен киіз басатын жалғыз өндіріс орны болғандықтан, олар намысқа тырысып, еңбек етуде. Қайткен күнде де жағдай түзелетініне сенімді. Осы орайда облыс әкімі Ерік Сұлтанов серіктестіктің жұмысын назарға алғанын да ерекше атап өткен жөн. Мемлекеттен де тиісті қолдау бар. Өткен жылы “Даму” қорының қолдауымен 30 миллион теңге несие алып, цех ғимаратының шатырын ауыстырып, жүн түту станогын сатып алған.  

Шикізат қорына қатысты әңгіме қозғағанымызда Хансейіт Жұмашұлы бұл мәселеде ешқандай қиындық жоғын алға тартты. Оның айтуынша, Қазақстанның әр түкпірінен шикізат тасымалданады. Бүгінде цех қоймасында 250 тоннадай жүн бар. Шикізат қоры жеткілікті, дайын өнім де көп. Тек тауарды өткізу көңілдегідей болмай отыр. Бәлкім, тауардың сапасы көңіл көншітпейтін шығар? Жоқ, бұлай деуіміз артық болар. Мұнда кемі – 25, әрісі – 30-40 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан өз ісінің білгірлері бар. Кәсіпорында жұмыс істейтіндердің 80 пайызы – бұрыннан істеп келе жатқан кадрлар. Сондықтан олар кеңес өкіметі тұсында қолданылған технологиямен жұмыс істейді. Яғни, пима басуда ешқандай синтетикаға жол бермейді. Орташа тығыздалған пиманың екі түрі шығарылады. Тапсырысқа байланысты пиманы қара түске бояп, табанына резеңке жапсыру да мамандарға ешқандай қиындық келтірмейді. Арнайы резеңке сұраныс бойынша Ресейден алынады. 250-500 градусқа дейін қыздырылады. Серіктестік директорының айтуынша, кез келген резеңке пима табанына жабыспайды. Сондықтан бұл жұмыс ептілікті, шеберлікті қажет етеді.

Тәжірибесі мол мамандар жұмысқа жаңа келгендерді үйретіп, ақыл-кеңес береді. Бұл да аға буынның жастарға деген қамқорлығы болса керек. Осы ретте кәсіпорынға еңбегі сіңген Светлана Баширова, Алма Өстемірова, Зоя Әлішева, Самал Үкиенова, Күлзира Майлина, Ғайни Қаржауова, Владимир Нетесов, Анатолий Балин, Виталий Бессмертный сияқты білгір мамандардың есімдерін атап өткеніміз артық болмас. Басында баспанасы жоқтарға жатақхана да қарастырылған. Онда тегін тұруға мүмкіндік бар. Коммуналдық төлемдердің барлығы кәсіпорын есебінен өтеледі. Әсіресе, ауылдан келіп, жұмысқа орналасамын деушілер үшін бұл зор мүмкіндік. Айлық та уақытында беріледі. Жұмысқа апарып, әкелетін автобус та қарастырылған. Сондай-ақ, мамандар арнайы жұмыс киімдерімен қамтамасыз етілген.

Берекесі ұйысқан ұжымның тату тіршілігі әркімді-ақ сүйсіндіреді. 1999 жылдан бері басшылық қызмет атқарып келе жатқан Хансейіт Жұмашұлы зейнет демалысына шықса да, ұжымын қимайды. Ол үшін мұндағы әр адамның орны бөлек. Білікті басшының жанашырлығы мен қамқорлығына ұжым да дән риза.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp