Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент Петропавлдың “Пицца Хаус” дәмханасында орын алған өрт оқиғасына қатысты брифинг өткізді.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары, өртке қарсы қызмет полковнигі Нұрлан Атығаевтың айтуынша, тілсіз жаумен күресуге 22 техника мен 70-ке жуық арнайы өртсөндіруші жұмылдырылған. Өрттің шығу салдарын қазір сараптама комиссиясы анықтап, “тілсіз жау” келтірген шығынды есептеп жатыр. От дәмхананың ішінде кәуапты пісірген оттан, шатырдың үстінде жиналған терек ағашының мамығынан немесе отты абайсыз пайдаланудан шығуы мүмкін деп болжайды маман.
Өкінішке қарай, дәмхананың түтіндеп жатқандығы туралы ақпаратты ойын-сауық орнының қызметкерлерінен емес, от күшейген кезде көшеде кетіп бара жатқан адамның хабарлауынан білдік, дейді құтқарушылар. Мамандардың айтуынша, бар күш оттың көрші үйдегі пәтерлерге тарап кетпеуіне жұмылдырылған. Зардап шеккен Ульянов көшесі, 44 мекенжайында орналасқан үйдің тұрғыны Ирина Ходжаева баспанасын аман алып қалған өртсөндірушілердің атына хат жазыпты. “Әрине, пәтерім зардап шекті, балконым түгел күйді. Екі құтқарушы үйдің ішінде болып, суды шелектеп қабырғаларға құйып тұрды. Бірнеше адам жағдайды подъезден бақылап тұрды. Сондықтан от үйдің ішіне кірген жоқ. Оларға мың да бір алғысымды айтамын”, – делінген онда.
Дүйсенбі күні қалалық коммуналдық қызмет тұрғын үйдің газбен, электр қуатымен және сумен жабдықтау құрылғыларын іске қосты. Ал сауда-ойын-сауық мекемесі орналасқан көне ғимараттың болашақтағы тағдырын, яғни қалпына келетін немесе келмейтінін арнайы сараптама ғана анықтайтын болады.
Әсел ОРАЗБАЕВА,
журналист.