Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың 11 “ә” сынып оқушысы Нұрлан Жанғалиевтың ғылыми жобасы Ресейдің Барнаул қаласында өткен халықаралық байқауда бірінші орынға ие болды.
Пияз қабықшасынан өсімдіктердің өсуін жылдамдататын химиялық препарат дайындауға болады екен. Нұрланның еңбегі осыған көз жеткізіп отыр. Оның тоғыз айлық еңбегінің жемісі – фитопрепарат келешекте ауыл шаруашылығында, медицинада және биологияның түрлі бағыттарында қолданылуы мүмкін.
Байқаудың қашықтықта өткен алғашқы кезеңіне 1300-ден астам оқушы қатысып, соның 80-і Барнаулға жолдама алған. Олардың арасында 16-сы биология пәні бойынша ғылыми жоба қорғады.
– Нұрланның ғылыми жобасына қызығушылық өте зор. Оның биологиядан басқа физика, химия, астрономия, математика, жаратылыстану бағытындағы пәндер бойынша да білімі сыналды. Нұрлан білімінің жан-жақты екенін дәлелдеп шықты, – дейді жоба жетекшілері Қуаныш Абдрашева мен Арман Кабдушев.
Нұрлан болашақта пияз қабықшасынан жасалған фитопрепаратты биологиялық ағзалардың өсуін жылдамдатушы және оларды радиоактивтік сәулелерден қорғаушы зат ретінде пайдалану ғылым үшін өте маңызды болатынына сенімді. Жеңімпаз ретінде оған диплом мен медальдан бөлек, планшет сыйға тартылды. Ең басты сыйлық – Барнаул қаласындағы И.Ползунов атындағы Алтай мемлекеттік политехникалық университетіне түсуге жеңілдік берілді. Нұрлан биологиямен 5-сыныптан бастап айналысып келеді. Ол болашақта биотехнолог мамандығын таңдап, Қазақстанның ғылымын дамытуға үлес қоспақ.
Айнагүл ЕСҚАЛИЕВА,
Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат директорының
бейіндік жұмыс жөніндегі орынбасары.