Еліміздің де, өңіріміздің де белгілі өнер шаңырақтарының қатарындағы Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театры жылнамасын ХІХ ғасырдан бастайды. Жақында өнер ордасы өзінің 128-ші маусымының шымылдығын жапты.
Алайда, жаз маусымы басталысымен театрлардың екінші тынысы ашылғандай болатыны белгілі. Осы орайда сахна шеберлері өзге қалаларда болып, гастрольдерін жалғастырады. Погодиндіктер де осындай жоспар құрып отыр. Олар мамыр айының соңында Қарағанды қаласының өнерсүйер қауымына К. Станиславский атындағы театрдың сахнасында үш спектакльді сыйлады. Атап айтқанда, В. Шалаев қойған «Менің аяулы Маратым» спектаклін көрсетті.
Одан кейін қарағандылықтар осы қоюшы-режиссердің екінші шығармасы – «Алданған алаяқтар» атты күлдіргі қойылымын тамашалады. Ал үшінші жолы Е. Покрас қойған «Алаң көңіл» спектаклі ұсынылды.
– Өкінішке қарай, мен денсаулық жағдайыма байланысты бұл сапарға шыға алмасам да, спектакльдердің қоюшы-режиссері болғандықтан, сәт сайын алаңдап, сахнагерлермен хабарласып отырдым. Әуелі Қарағандыда, кейін Астанада көрсетілген қойылымдардың үлкен ықылас тудырғанына, жұртшылық жылы қабылдағанына қуанып отырмын. Бұған біздің әртістердің шеберлігі мен жауапкершілігі қол жеткізгенін білемін. Өйткені, мұндай гастрольдерде ең таңдаулы деген спектакльдер көрсетіледі ғой, – деді бізбен әңгімесінде Виктор Шалаев.
Астананың М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрына келген өнерсүйерлер де погодиндіктерге шынайы ризашылық білдірген. Спектакльдер қойылған күндері театрдың көрермендер залы лық толған.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
«Солтүстік Қазақстан».