Петропавлда психологтар полицейлер мен олардың отбасы мүшелерін биге шақырды. Мұндай шара – Петропавл қалалық полиция басқармасында би жаттықтырушысының қатысуымен өткен психологиялық тренигтің бір кезеңі.
Погонды психологтардың әріптестеріне арнап өткізген бір жарым сағаттық іс-шарасы барысында отбасындағы татулық пен түсіністікті нығайту, суицидтің, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды. Тәртіп сақшылары мен олардың отбасы мүшелері үшін осындай сабақтар өте қажет. Өйткені бүгінгі өмірдің ағымы күн сайын полицейлерден төзімділікті талап етеді. Шыны керек, жұмыс пен үйді тең ұстау барлығының бірдей қолынан келе бермейді. Кез-келген отбасында түсініспеушіліктер болып тұратыны белгілі. Психолог полицейлер сабаққа өздері егжей-тегжейлі дайындалғанымен қоймай, тіпті коуч-жаттықтырушыны да арнайы шақырыпты.
«Іс-шараның мақсаты – полицейлерге отбасылық құндылықтардың, ерлі-зайыптылардың бір-біріне қолдауының маңызын, отбасындағы ахуалдың жұмысқа әсерін түсіндіру», – деді «Центр Личности» психологиялық орталығының маманы Ольга Агапова.
Тренинг барысында қатысушылар түрлі жаттығулар жасап, өлең оқып, пікір алмасты, өздері туралы бүкпесіз әңгімеледі. Іс-шараның қызықты сәті шағын дискотека болды. Петропавл қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының инспектор-психологі полиция подполковнигі Айгүл Сейітованың пікірінше, би терапиясы адамның психологиялық тұрғыдан шаршағанын басып, өзіне, айналадағы адамдарға жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.
Қылмысқа қарсы күрес және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүгі негізінен қалалық полицейлердің мойнында. Сондықтан жеке құрамның моральдық жай-күйі, тұрмыстағы мінез-құлқы, отбасындағы ахуалы полиция басшылығының тұрақты бақылауында. Бұл мақсатта инспектор-психологтар түрлі тренингтер мен сабақтарды ұдайы өткізіп тұрады. Осы жолы да полицейлер және олардың отбасы мүшелері ұйымдастырушыларға ақыл-кеңестерімен бөліскендері, көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, күнделікті жұмыстан бір сәтке демалуға мүмкіндік бергендері үшін алғыс білдірді.