«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПОЛИЦЕЙЛЕРДІҢ ӘЗІРЛІКТЕРІ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Күнделікті қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қадағалауда полицейлерге жүктелер міндеттер ауқымды. Олар кез келген жағдайға сақадай сай болулары қажет. Күш құрылымдарының пәрмені мен техникалық базаның жағдайы облыс орталығындағы “Достық” алаңында ұйымдастырылған кең көлемді гарнизондық сап түзеуде тағы бір мәрте пысықталды.

Аталмыш шараға қатысқан ішкі істер департаменті басшылығы мен мәслихат депутаттары алдымен арнайы қондырғылармен жарақтандырылған техникаларды көрді. Солардың бірі – арнайы бейнекамералармен жабдықталған “ГАЗель” автокөлігі. Ол берешегі бар автокөлік иелерін көшедегі көлік қозғалысы барысында анықтап, оған дер кезінде шара қолдануға мүмкіндік берсе, екіншісі – жылжымалы криминалдық зертханамен жабдықталған “Мерседес” автокөлігі. Жаңа техника полицейлердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетері сөзсіз.

Тек облыс орталығындағы қоғамдық тәртіпті қадағалауда тәулігіне 300-ден астам қызметкер кезекшілік атқарады екен. Олардың екі жүзі полицейлер болса, қалғанын №6637 әскери бөлімінің сарбаздары құрайды. Сондай-ақ, қала тыныштығын күзетуге жекеменшік күзет құрылымдары да атсалысуда.

Шара барысында еңбегімен ерекшеленгендер арнайы марапатқа бөленді. Онда облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов тоғыз жас полицейге кіші сержант, үш учаскелік инспектор мен жол патрульдік полициясы қызметкеріне кезекті арнайы атақтар берді. Өз міндеттерін абыроймен атқарғандары үшін “Барыс” күзет құрылымының бес қызметкері өңіріміздің бас полицейінің қолынан Алғыс хат алды.

Самат ЕСМАҒИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

  Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp