
Облыстағы қылмыстық ахуалға, қоғамдық тәртіпке, қылмыстық атқару жүйесіне және төтенше жағдайларға жауап беретін ведомстволар өткен жылы атқарған жұмыстарын қорытындылады. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өткен жедел кеңес жұмысына облыс әкімі Ерік Сұлтанов, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғұмбаев қатысты.
Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Берік Біләловтің айтуына қарағанда, былтыр ішкі істер органдарына өңір жұртшылығынан әртүрлі қылмыстарға қатысты 18 мыңнан астам өтініш-арыз түсіп, 10 мыңға жуық қылмыс тіркелген. Ауыр және аса ауыр қылмыстар саны кеміп, қоғамдық орындарда, көшелерде жасалатын қылмыс та біршама азайған. Қылмыстың кемуіне қолданылып жатқан алдын алу шараларының сеп болғанын айтқан департамент бастығы облыс аумағындағы 144 бейнебақылау камерасының да тиімділігін тілге тиек етті. Олар арқылы 15 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталып, 208 қылмыстың беті ашылған.
Ал облыс орталығындағы жағдай көңіл көншітпейді. Қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Қанат Айтбаевтың мәлімдеуінше, қасақана кісі өлтіру, тұрмыстық зорлық-зомбылық, зорлау, ұрлық сияқты қылмыстар артыпты. Жалпы облыс бойынша жасалған қылмыстың 60 пайызы Петропавл қаласына тиесілі екендігін айтқан вице-министр қаладағы пәтерлерді бейнебақылаумен қамтамасыз ету жұмыстарына көңілінің толмайтынын жеткізді.
Министрлік өкілі облыстағы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің сотталғандармен жұмысын да сынға алды. “Жазасын өтеп шыққандар жасаған ауыр, аса ауыр қылмыс саны бірнеше есе артып отыр. Қандай алдын алу жұмыстары жайында айтып отырсыздар? Бұл ведомствоның басқа да құзыретті органдармен бірлесіп жұмыс жасамайтынын көрсетеді”, – деді ол.
Кеңесте облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының міндетін атқарушы Әсет Ысмағұлов есеп берді. Құрылым қызметкерлері бір жылдың ішінде 9 мыңдай адамды түрлі апаттардан құтқарып, 1600-ден астам облыс тұрғынын қар құрсауынан босатқан. Былтыр қайтыс болған адамдар санының көрсеткіші 3 пайызға, жапа шеккендер саны 6 пайызға кеміген.
Облыс прокуроры Степан Зайтлер ішкі істер органдары тарапынан орын алатын бірқатар келеңсіздіктерге тоқталып өтті. Полиция қызметкерлері тарапынан есепке алу-тіркеу тәртібіне, азаматтарды заңсыз қамауға алу және қылмыстық жауапқа тартуға қатысты заңсыздықтар аз емес. Былтыр полиция қызметкерлерінің өздеріне қатысты қозғалған қылмыс та 30 пайызға артқан.
Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғұмбаев қашанда алдағы позицияларда болатын Солтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаменті соңғы екі жылда көрсеткіштерін төмендетіп алғанын айтып, жиында айтылған кемшіліктерге қатысты қорытынды шығару, жұмысты жандандыру қажеттігін атап көрсетті.
Кеңесте сөз алған облыс әкімі Ерік Сұлтанов:
– Бүгінде еліміздің құқық қорғау саласында қоғамдағы тыныштықты сақтау, қылмыспен күрес бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Солтүстік Қазақстан облысының ішкі істер департаменті де өңірдегі қоғамдық тәртіпті нығайту, қылмыстың алдын алу, криминогендік жағдайды жақсарту бағытында сапалы жұмыс атқаруда. Дегенмен, бұл салада да жетілдіруді қажет ететін бағыттар бар, – деді.
Жиын соңында ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі, қызметтегі жоғары көрсеткіштері үшін облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Хайыр Байқадамов облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталып, бірнеше полицейге өңір басшысының Алғыс хаты табысталды.
Жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысы бойынша үздік аумақтық құрылымдар анықталды. Бірінші орынға ие болған Жамбыл ауданының ішкі істер бөліміне “Нива” автокөлігінің кілті табыс етілді. Екінші нәтижеге жеткен Айыртау аудандық ішкі істер бөлімі мен үшінші орынды еншілеген Шал ақын аудандық ішкі істер бөлімі бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Облыс әкімі Ерік Сұлтановқа “Динамо” қозғалысын дамытудағы еңбегі үшін” медалі табыс етілді.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.