
Облыстық полиция департаменті жылдам қимылдайтын арнайы жасағының жауынгерлері қаңтар айы бойы Есіл өзенінде мұз астына сүңгіп жаттығуда. Мұздай суға түсу әркімнің қолынан келе бермейді. Ал арнайы сүңгу костюмін киіп, қақаған аязда суық суға сүңгу нағыз сынақ десе де болады. Төтенше жағдайларда жедел әрекет ете білу – арнайы бөліністердің қызметкерлеріне қойылатын басты талап. Мұздай суға түспес бұрын төтенше жағдай қызметінің мамандары полицейлер үшін нұсқаулық өткізді.
«Суға түсу, мұз астында жүзу және сүңгуірдің мұз астынан шығуы сияқты жаттығуларды пысықтадық. Тәжірибелік жаттығулар жақсы өтті. Қызметкерлер жаттығуларды толығымен меңгерді», – деп бағалады бұл шараны облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің құтқару бөлінісінің құтқарушы-басшысы Сергей Черкасов.

Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерінің айтуларынша, ең қиыны – мұз астында сабырлық сақтау, писхологиялық жағынан шыдау. Бұл жаттығулардың тәуліктің кез келген уақытында жауынгерлік және арнайы тапсырмаларды орындау барысында көмегі зор.
«Арнайы жасақ жауынгерлері бұған дейін ұшақтан парашютпен секіріп, жеңіл сүңгу жаттығуларын жасады, медициналық көмек көрсетуді үйренді. Тіпті әйел босандыру әдістерін меңгерді. Түрлі оқу-жаттығу курстары адамдарға кез келген жағдайда көмек көрсету үшін және жауынгерлік тапсырмаларды орындау сапасын жақсарту мақсатында өткізіледі», – дейді жылдам қимылдайтын арнайы жасақ командирі, полиция подполковнигі Ерік Құлжанов.