Жуырда облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция-генерал майоры Берік Біләлов тұрғындар алдында есеп беру кездесуін өткізді. Алқалы жиынға қатысуға келгендер алдымен жедел басқару орталығында, облыстық полиция департаментінің мұражайында болды. Сондай-ақ, олар ішкі істер органдарының қызметкерлері қолданатын қондырғылармен, қару-жарақ, техника түрлерімен танысты.
Кездесу барысында департамент бастығы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылғы “Қазақстандықтардың əл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” Жолдауынан туындайтын міндеттерге тоқталып, өңірдегі қылмыстық ахуал және ішкі істер органдары жедел-қызметінің нәтижелері туралы есеп берді. Берік Сұлтанғазыұлы құқық бұзушылықтардың алдын алу, есірткі бизнесі және нашақорлық, қылмыспен күрес, экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде құқықтық тәртіп пен заңдылықты сақтау, пробация қызметін дамыту, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, сонымен бірге өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың нәтижелері туралы жан-жақты баяндады. Ол өз сөзінде өткен жылмен салыстырғанда қылмыс саны біршама азайғанына тоқталды. Биыл еліміз бойынша жалпы қылмыс саны 12 пайызға төмендеген.
Барлық мүдделі органдар мен ұйымдардың жұмыла әрекет етуінің нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік туды. Соның нәтижесінде соңғы жылдары жасөспірімдер қылмысының санын азайтуға қол жеткізілген. Қайта қылмыс жасауға жол бермеу мақсатында алдын алу жұмыстары ұдайы жүргізіледі. Жолдарда тәртіп орнату – жергілікті полицияның тиімді жұмыс істеуіне тікелей байланысты. Тек осы жылдың өзінде жол-көлік оқиғалары азайды. Ереже бұзудың үштен бір бөлігі жолдарға орнатылған бейнебақылау жүйесінің көмегімен анықталды.
Қызметтердің басым бөлігі ХҚКО-да жүргізіледі, ал көлік құралдарын тіркеуге қатысты қызметтер де осындай арнайы орталықтар арқылы жүзеге асырылады. Жуырда Петропавл қаласында арнайы көші-қон қызметін көрсету орталығы ашылды. Департамент бастығы есепті кездесуде ішкі істер органдары үшін маңызы бар саланың бірі – халықты, аумақтарды табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау екенін атап өтті. Берік Сұлтанғазыұлы жұртшылыққа өзара ашық іс-қимыл жасасу саясаты туралы әңгімеледі. Бұған ішкі істер органдары қызметінің мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің және полиция департаменті жанындағы консультативтік-кеңесші органның, сондай-ақ, учаскелік полиция инспекторларының халықпен тұрақты түрде кездесуінің ықпалы мол.
Кездесу соңында облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция-генерал майоры Берік Біләлов ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қоғамдық тәртіпті сақтауға белсенді көмектескен бір топ азаматты марапаттады. Департамент басшылығы есепті кездесу барысында келіп түскен өтініштер мен арыз-шағымдарды жедел шешу үшін бақылауға алды.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің аға инспекторы.