«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПОЛИЦИЯ – ХАЛЫҚТЫҢ ҚОРҒАНЫ

1992 жылы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдаған болатын. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт. Ал 2007 жылы бұл дата – Полиция күні деп бекітілді.

 Қазақстан полициясы – қоғамдағы құқықтық тәртіпті, аза­маттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін еліміздегі аса маңыз­ды құрылымдардың бірі. Полицейлердің кәсіби біліктілігі мен сертіне беріктігінің арқасында қоғамда тұрақтылық қалыпта­сып, адамдардың құқық қорғау органдарына деген сенімі арта түсуде. Бұл күні осынау жауапты қызметті жолға қоюдың басы-қасында болған ардагерлерге және бүгінде осы қатарда еңбек етіп жүрген жандарға ерекше құрмет көрсетіледі.

Облыстық полиция департаменті арнайы және жұмылдыру дайындығы басқармасының аға инспекторы Ермек Амиров бұл салаға кездейсоқ келген жоқ. Жастайынан қоғам тыныштығын күзетуді өмірлік міндетіне айналдырған әкенің өнегелі тәлімі оны екінің бірі таңдай бермейтін қиын да жауапты салаға жетеледі.

Ермек Нұрғалиұлы Жамбыл ауда­нында дүниеге келген. Шерхан Мұр­таза атындағы Тараз халықаралық ин­новациялық институтын құқықтану мамандығы бойынша тамамдаған. 2015 жылдан бері ішкі істер саласында абыройлы қызмет атқарып келеді. Тәртіп сақшысының сүйікті жары Ди­нара Қайырбайқызы да осы салада ең­бек етуде.

– Отау құрар кезде отбасылық мін­деттер мен қызметімізді ұштастырып, сыйластық пен түсіністікте өмір сүру ту­ралы уағдаласқанбыз. Сол сертімізден айнымай келеміз. Шыны керек, уақы­тымыздың көбі жұмыста өтеді. Соған қарамастан қолымыз жұмыстан қалт ет­кенде балалармен бірге серуендеуге баса мән береміз. Қызғалдақтай қыздары­мызды ата-ананың алғаусыз мейірімі­мен өсірудеміз, – дейді Ермек Нұрға­лиұлы.

Бұл отбасының басты ұстанымы – ұлттық тәрбие мен рухани құндылық­тарды сақтау. Олар бала тәрбиесінде отансүйгіштік, сыйластық, ізгілік сын­ды асыл қасиеттерге ерекше мән береді.

Ермек Нұрғалиұлының әкесі Нұрға­ли Әсриев – Жамбыл ауданы, Муром- ское ауылының тумасы, ішкі істер ор­гандарының ардагері. Ол құқық қорғау саласында 25 жылдан астам уақыт қыз­мет етіп, түрлі мерейтойлық медальдар­мен марапатталған.

– Ес білгелі әкемнің тәрбиесін көріп келемін. Жас кезімде әкем сияқты болу­ды армандайтынмын. Сол мақсатыма жеттім. Өзім де балапандарыма үлгілі әке болғым келеді – дейді Ермек Ами­ров.

Полиция қызметі – үлкен жауап­кершілік пен табандылықты талап ететін мәртебелі мамандық. Қоғамдық тәртіп пен ел тыныштығы жолында ты­нымсыз еңбек етіп жүрген тәртіп сақ­шылары қандай құрметке де лайық.

Кейіпкерімізге «Өз қызметіңіз сізге несімен ұнайды?» деп сұрадық. «По­лиция қызметкері болу – тек погон тағып жүру емес. Сен әрдайым, әр ми­нутта айналаңның бәріне жіті қарап, заң аясынан шыққан кез келген әре­кетті қалт жібермей бақылауда ұс­тауың қажет. Құқыққа қайшы әрекет істеген бұзақымен немесе қылмыс­кермен бетпе-бет келгенде шешім қа­былдау үшін тәртіп сақшысы физика­лық тұрғыда қуатты, шыныққан болуы шарт. Сол себепті біз аптасына үш мәрте жаттығу залынан табыламыз. Маған ұнайтыны да осы. Біз әрдайым спортпен шұғылданамыз. Күш-қуаты­мыздың жеткілікті болуын қадағалай­мыз. Спорттың арқасында үнемі өзімізді жеңіл әрі сергек сезінеміз. Мұның полиция қызметкеріне, тіпті кез келген адамға пайдасы мол», – деп жауап берді ол.

Рабиға ЕРАЛЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp