“Облыстық поляк “Коперник” мәдени орталығы” қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Валентина Корневамен сұхбаттасуымызға олар қолға алған игі жоба себеп болған еді. Бірлестік мүшелері қазақ шығармаларын поляк тіліне аударумен айналысуда.
– Валентина Юлюсьевна, осыдан бірнеше жыл бұрын орталықтың ұйытқы болуымен қазақ халқының ертегілері поляк тіліне аударылып, кітап болып шыққанын білеміз. Жобаның идеясын ұсынған өзіңізсіз. Жалпы, мұндай ой қалай туындады?
– Менің анамның әке-шешесі 1936 жылы туған жерінен зорлықпен көшірілген. Анамның дүниеге келу оқиғасы да қайғыға толы. Рождество күнінің қарсаңында дастарқанға азын-аулақ азық алу мақсатымен әжем бас орамалын сатпақ болады. Ал саяси қуғын-сүргінге ұшыраған халықтың ауылдан 3 шақырым ұзауына рұқсат етілмеді. Бұл талапты орындамаған адамды қашқын деп танып, абақтыға қамады. Әжем мен атам түн жамылып шыққан көрінеді. Боранды күнге шыдай алмай, әжем орман ішінде босанып, қызына өмір сыйлап, өзі көз жұмған. Мерт болған әжем мен енді дүниеге келген сәбиді атам қалай үйге жеткізгенін бір Алла ғана біледі. Өз басым Қазақстанда туып-өстім. Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін саяси қуғын-сүргінге ұшыраған халықтың ұрпағы ретінде көп мүмкіндіктерден шеттетілдік. Егемендікпен біздің де шаңырағымыздың түндігі түрілгендей болды. Бүгінгі күні мемлекетіміздің мәңгілік құндылығы болып табылатын халықтың бірлігін нығайту бағытында бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Қазақ халқының поляк тіліне аударылған ертегілер жинағы қазақтың жеріне, халқының ықыласына деген сезімнен туындады. Кітапты осы көңілдің қайтарымы деуге болады.
Ертегілерді сүйіп оқымайтын адам кемде-кем шығар. Бала күнімнен түрлі халықтардың ертегілерін жинап келемін. Солардың ішінде қазақ ертегілерін ерекше ден қойып оқитынмын. Қазақ ертегілерінің философиясы тереңде жатыр. Әсіресе, ертегілердегі қазақ қызының образы мені қатты қызықтырды. Ауыз әдебиетінде қазақ қызын сұлу, ажарлы етіп қана суреттемейді, сондай-ақ, оның даналығы да көрініс табады. Сонымен қатар, ертегілерде қазақтың діліне тән адамгершілік қасиеттердің палитрасы бейнеленген. Онда үлкенге – құрмет көрсету, кішіге – ізеттілік таныту сынды мәңгілік құндылықтар сақталған. Польшадағы балалар да қазақ ертегілерінің мол өнегесін бойына сіңіріп өссін деген оймен бұл жобаны қолға алдық. Польшаның “Зеленая сова” баспасында жарық көрген кітаптың авторы өңірімізде – 2005-2006 жылдары поляк тілінен сабақ берген Магдалена Лакута. Жинақ “Азия даласының ертегілері” деп аталады.
– Кітапқа қандай ертегілер енді? Және оның шығарылуына кім демеушілік етті?
– Жинаққа 14 ертегі енді. Оның кіріспе сөзінде Қазақ елінің тарихынан аз-кем мәліметтер келтірілді. Кітап “Қадырдың бақыты” ертегісімен басталады. Онда сонымен қатар, “Аяз би”, “Бай мен кедей”, “Жиренше мен хан”, “Алдар көсе” және тағы басқа ертегілер аударылып басылды. Кітапты Польшадағы “Зеленая сова” баспасы тегін шығарды. Аталмыш баспа үйі, егер кітап қызықты әрі өскелең ұрпаққа берер тәлімі мол болса, тегін шығарып береді екен. Бүгінгі күні орталықта Польшадан келіп поляк тілінен сабақ беріп жүрген Илона Лясота да қазақ ертегілерінің аудармасымен айналысуда. Бұл жолы қиял-ғажайып және “Ертөстік” сынды батырлар ертегілерін аудармақпыз. Ондағы мақсат – қазақ халқының бай мұрасын шетелдіктерге таныту.
– Алмағайып заманда өздерінің тарихи Отандарынан еріксіз қоныс аударылып “сенімсіз ұлттар” қатарына жатқызылған 200 мыңға жуық поляк ежелгі мекенінен Қазақстанға қудаланғаны белгілі. Бүгінгі күні өңірімізде поляк этносының өкілдері қанша?
– Поляктардың Қазақстанға жаппай қоныстануы – 1930-1940 жылдары. Көшірілген олардың жартысы аштан қырылды. Қолдан жасалған қысымға шыдай алмай, күйіктен көз жұмғандары да болды. Сырттан аңду көптеген поляктардың ататектерін ауыстыруға, ұлтын жасыруға дейін әкеліп соқтырды. Ана тілінде сөйлеуге, шетелге шығуға тыйым салынды. Оқып, білім алу мүмкіндігінен айрылған еді. Басына күн туған кезінде поляктар жаны жомарт, қолы ашық қазақ халқын пана тұтты. Осылайша, атамекенінен амалсыз кеткен поляк халқының өкілдері үшін Қазақстан екінші Отанына айналды. Әсіресе, Қазақ елі өз алдына тәуелсіздік алған жылдары өзге этностар сияқты біздің де рухани еңсеміз көтеріліп, ұлттық мәдениетімізді, тілімізді дамытуға, ұмыт қалған салт-дәстүрімізді жандандыруға жан-жақты мүмкіндік алдық. Сол себепті де қазақстандық поляктар туып-өскен елімізді Отанымыз деп санайды. Қазіргі таңда облысымызда 16 мыңға жуық поляк тұрады. Өңірімізде поляктар көп шоғырланған жер – Тайынша ауданы. Оның ішінде Ясная Поляна, Келлеровка, Чкалов, Вишневка елді мекендері.
– Елімізде тұрып жатқан этностардың тегі басқа болса да, теңдігі бір. Мемлекет өз халқының мәдени, рухани дәстүрлерінің сақталуына қамқорлық жасап келеді. Соның айқын дәлелі ретінде еліміздің түкпір-түкпірінде қазығы қағылған этнобірлестіктерді айтуға болады. Облысымызда алғашқылардың бірі болып 1996 жылы “Облыстық поляк “Коперник” мәдени орталығы” қоғамдық бірлестігі құрылған болатын. Оның бүгінгі таңдағы жұмысына тоқтала өтсеңіз.
– Биылғы жылы поляк орталығының құрылғанына 19 жыл толып отыр. Мәдени орталықтың алғашқы төрайымы Нина Пекарская болды. Ол орталықтың қым-қуыт шаруаларын бір арнаға түсіріп, көркемөнерпаздар үйірмелерінің құрылуына, тіл үйрену топтарының ашылуына үлкен еңбек сіңірді. Орталықтың құрылуына, қалыптасуына көп үлес қосқандардың қатарында: А.А.Крашевский, Г.С.Будко, А.М.Заинчковский, А.И.Зелизецкий, Е.В.Хорольская, Н.А.Вольская сынды ардақты жандардың да болғанын айтуымыз керек. Олар жұдырықтай жұмылып, орталықтың қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Орталықты құрғандардың бірі Анатолий Крашевский – бүгіндері қоғамдық бірлестіктің төрағасы. Кезінде “Яскулечки” (“Қарлығаштар”) фольклорлық тобы ашылды. Үлкен дем беріп, әрқайсысы ансамбльдің белді мүшесі болды. Фольклорлық топтың құрылуы ұмыт қалған төл өнеріміздің жандануына мол септігін тигізді. Бұл топ 2003 жылы облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ансамбль Қазақстанның ғана емес, Польшаның да мерекелік іс-шараларына қатысып тұрады.
Мәдени орталықтың қызмет аясы сан алуан. Солардың бірі жастарға поляк тілін үйрету, мәдениетімізді насихаттау болып табылады. Облыс орталығындағы №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде поляк сыныбында 30-дан астам бала оқиды. Онда орталықтың мүшесі, поляк филологиясының магистрі Марина Тябус ұстаздық етеді. Өскелең ұрпақты ана тіліне баулып жүрген Марина Анатольевна қоғамдық жұмыста да белсенді. Ол – “Польске квяты” (Польшаның гүлдері) балалар би тобы мен “Поколоние” вокалдық ансамблінің көркемдік жетекшісі. Оның 17 түлегі – Польшаның жоғары оқу орындарының студенттері. 2009 жылы шәкірттерінің тарихи Отанына барып келуін ұйымдастырған да Марина Тябус еді. Ана тілді ересектерге де оқытып келеміз. Орталықта Польшадан келген ерікті Илона Лясота поляк тілінен сабақ береді. Тілді ғана емес, мәдениетті, өнерді, салт-дәстүрді өскелең ұрпаққа насихаттау барысында ғылыми конференциялар, түрлі тақырыптағы көрмелер, спорттық іс-шаралар мен концерттер ұйымдастырылып тұрады. Өткен жылы Ясная Поляна ауылында поляк Мәдениет үйі іске қосылды. Оның ашылу рәсіміне облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен Польша Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Яцек Ключковский қатысты. Сайып келгенде, осы игі іс-шаралардың барлығы Елбасының этносаралық және конфессияаралық келісімге ерекше көңіл бөлуінің арқасында жүзеге асуда.
– Ал осы жылдар ішінде тарихи Отанына көшіп, кейін Қазақстанға қайта оралған отбасылар бар ма?
– Тарихи Отанына оралғандары да, кетіп қайта көшіп келгендер де кездесті. Кіндік қаның тамған жер ол тарихи Отаның болмаса да, туған жерің болып мәңгілікке қала береді емес пе?!
– Қазақстан халқы Ассамблеясына биылғы жылы 20 жыл толып отыр. Бұл мерейтойлық жыл ғана емес, өткеніміз сараланатын, болашаққа жоспар құрылатын кезең сияқты.
– Қазақ елі – аласапыран уақытта тарихи Отандарынан еріксіз көшірілген көптеген этностарды бір шаңырақ астына біріктіре алған мемлекет. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында көпэтносты еліміз достығы жарасқан, ұйымшыл біртұтас қоғамға айналды. Ал Президенттің ұйытқы болуымен 1995 жылы наурыз айында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстанның демократиясының табысты құралы болып табылады. Осы институттың арқасында ұмыт болғанымыз қайта жаңғырып, біртұтас елге айнала білдік. Облысымыздағы этнобірлестіктер ұйымдастырып жүрген іс-шаралар тамшыдай көрінуі мүмкін. Бірақ тамшыдан теңіз құралады ғой. Мінекей, сол тамшылар бүгіндері елдің сүттей ұюына септігін тигізуде. Мен қайда жүрсем де, Қазақстанды Отаным деп айтудан жалықпаймын. Шетелге шыққанда әрдайым тезірек елге оралудың қамын ойлаймын. Бірде Германияның Франкфурт қаласынан Қазақстанға ұшатын ұшаққа отырдым. Жан-жағыма қарасам, жолаушылардың жүздері жылы ұшырады. Сөйтсем, сапарластарымның тең жартысы қазақстандық немістер екен. Сіз мені сонда көрсеңіз! Өзімді туған жерімде жүргендей сезіндім.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
