
“Қазпочта” акционерлік қоғамының облыстық филиалы Петропавл қаласы мен 13 ауданда орналасқан 280 бөлімше арқылы жергілікті тұрғындарға сан салалы қызмет көрсетеді. Соңғы жылдары елді мекендердегі пошта байланысы қызметі заман талабына сәйкес арнайы техникалармен және жаңа технологиялармен жарақтана бастады. Былтыр Дүниежүзілік пошта күні қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың заманауи технологияларды дамыту жөніндегі тапсырмасына орай әзірленген Трансформациялау бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында облыс орталығында газеттерді сұрыптау желісі іске қосылды. Осындай қанатқақты жоба әзірге Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды қалалары мен Қызылжар өңірінде ғана жүзеге асырылуда.
– Менің пошта тасымалдау бөлімінің газет сұрыптаушысы болып еңбек етіп келе жатқаныма 14 жыл болыпты. Осы кезге дейін облыс орталығына автокөлік, темір жол, әуе қатынасы арқылы жеткізілетін БАҚ өнімдері қолмен атқарылатын. Енді біздің бөлімге жаңа заманауи қондырғы орнатылып отыр. Бұл желінің тиімді тұстары көп екеніне қазірдің өзінде көзіміз жетуде. Бізді ол бұрынғы қағазбастылықтан арылтып қана қойған жоқ, сұрыптауға кететін уақытымызды шамамен 1-1,5 сағатқа қысқартты. Сөйтіп, жаңа технологияның пайдасын біз де көре бастадық, – дейді өз ісінің шебері Сәуле Бахтиярова.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.