Отандық пошта қызметінің жаңа кезеңге аяқ басқанын аңғару қиын емес. Қазіргі даму деңгейі нарық талаптарымен, жаңа стратегиялық мақсаттармен, халықаралық стандарттармен үндес. Бұрынғы дәстүрлі хат-хабар тарату, газет-журнал мен сәлемдемелер жеткізу жүйесі электронды, қаржылық қызметтің тың түрлерімен толығып, әмбебап байланыстың жаңа тұрпаты, осы заманға лайық бизнес үлгісі қалыптасып келеді. Тұрғындар үшін түрлі ақша аударымдарын жүргізу, зейнетақы, жәрдемақы, еңбекақы алу, депозиттерге қаржы салу, коммуналдық, салықтық төлем операцияларын атқару, тағы басқа көрсетілетін пошталық, банктік, агенттік, постерминалдық, банкоматтық қызмет ауқымы кеңейіп, қолжетімділігі артты. Алдағы уақытта сұранысты толық қанағаттандыру, жеделділікті қамтамасыз ету, төлемнің электронды түрлерін жетілдіру, бизнесті оңтайландыру басты мақсат болып қала берері даусыз. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік сұраныстар нарығында жетекші орынға ие “Қазпошта” АҚ-ын пошталық, банктік, агенттік қызметтердің қосындысы деуге болады.
Сәлемдемелер, хат-хабарлар, мерзімді баспасөз басылымдарды жеткізіп беру осы ұлттық компанияның еншісінде. Республика тұрғындарының жартысына жуығы ауылда тұратынын ескерсек, пошташыларға жүктелетін міндет, тіпті, ауқымды екенін аңғарамыз. Еліміздегі ең ірі коммуникациялық мекеменің облыстағы филиалының да қызмет көрсету тәжірибесі мол. Оған қойылатын бірінші кезектегі талап – ауылдық пошта байланысын одан әрі жандандыру. Филиал директоры Бекжігіт Бекбердиев берген мәліметтерге сүйенсек, өңір аумағында 13 аудандық байланыс торабы, 89 ауылдық бөлімше, 26 байланыс пункті, 21 жылжымалы бөлімше, 15 төлемдерді қабылдау орталығы, автокөлік базасы, арнайы байланыс қызметі, пошта сұрыптау және тасымалдау учаскесі 641 елді мекенге қызмет көрсетеді. Соңғы жылдары материалдық-техникалық база едәуір нығайып, заманауи қондырғылар орнатылған. Операторлар мен пошташылардың жалақысы біршама өскен. Десек те, газет-журнал, тасымал бағасының қымбаттылығына, пошта қызметінің сылбырлығына, әсіресе, межелі жерлерге, оқырмандарға уақтылы жете бермейтініне қатысты өкпе-реніштер жиі айтылады. Бұл тақырып “Soltústik Qazaqstan” газетінің беттерінде бірнеше мәрте жазылып, өзекті мәселе ретінде көтерілгенін айта кеткен жөн. Тасымал сапасының көңіл көншітпейтіні жөніндегі сұрағымызға жауап берген Бекжігіт Лесұлы бірқатар факторларды алға тартты. Біріншіден, 98 мың шаршы шақырым аумақта тұратын 575 мыңға тарта тұрғынның аумақтық орналасуы, жол, жер жағдайы әрқилы. Хат-хабар тасумен айналысатын 64 көліктің бір күнде барып-қайту сапарының ұзақтығы орта есеппен 37 мың шақырымды құрайды. Шалғайдағы Уәлиханов ауданы бойынша жарты мың шақырымды 8 сағатта жүріп өту оңай емес. Түкпірдегі Қулыкөл ауылдық округіне жету – бір машақат. Екіншіден, қолайсыз ауа райы – үлкен қолбайлау. Жол болмағандықтан, Шаховское ауылына Асаново арқылы, Боголюбовоға Новоникольское арқылы қатынаған сәттер кездескен. Үшіншіден, хат тасушылар мен операторлардың еңбекақысы төмен. 50-65 мың теңге төңірегінде ғана. Осы себепті кадр тұрақтамайды, жиі ауысады. Әлі он шақты хат тасушы мен оператордың штаты бос тұр. Төртіншіден, жалға алатын орындар өте тар. Талапқа сай жабдықталмағандықтан, облыс орталығында екі бөлімшені жабуға тура келген. Ауылдарда да жағдай жоқтығынан хат тасушылар өз үйлерінде жұмыс істеуге мәжбүр. Бесіншіден, бұрындары пошта “Алматы – Петропавл” пойызы арқылы күнде жеткізілетін. Енді отарба күнара қатынайтындықтан, хат-хабар бір күнге кешігіп келеді. “Тальго” жүрдек пойызына қосымша вагон тіркеу туралы өтініш компания басшылығына жолданғанымен, мәселе әлі шешілмеген. Алтыншыдан, газет-журналдарға жазылу көлемі күрт кеміп кеткен. 2019 жылы жалпы жазылым 166966 дана болса, биыл екі еседей аз.
– Байланыс саласында қордаланған проблемалар барын жақсы білеміз. Орын алған олқылықтарды жою, шешу жолдары ұдайы назарымызда. Хат-хабарлар мен газет-журналдар 10 ауданға аптасына 7 рет, қалғандарына 6 рет тасымалданады. Пошта қызметін жақсартудың баламалы әдісі ретінде жылжымалы байланыс топтарын көбейтіп жатырмыз. Қазір олардың саны 21-ге жетіп, 305 шағын елді мекенді қамтиды. 178 ауылға хат тасушылар қызмет көрсетеді. Біздің міндетіміз газет-журнал, хат-хабар таратумен ғана шектелмейді. Жүргізілген реформалардың нәтижесінде POS-терминалдар, EMS, директ-мейл, трансфер-агенттік қызметтері қолданысқа енді. Жұмысымыздың ауқымы кең, – деген филиал басшысы қызмет сапасы мен жеделділігін арттырудың басқа да мүмкіндіктері қарастырылып жатқанын жеткізді.
Біз мерзімді басылымдар оқырмандар қолына кешігіп тию себебін анықтау мақсатымен Қызылжар ауданында болған едік. Аты-жөнін атамауды өтінген Архангелка ауылының тұрғыны тасымал саласында іркілістердің кездесетінін қынжыла білдірді. Тәжірибелі хат тасушы Оксана Ханның айтуынша, жалақы, зейнетақы, басқа да төлемдер түскен күні жалғыз өзі таратып үлгермейтін көрінеді. Жұмыстың көптігіне, уақыттың тығыздығына қарамастан, жарты күнгі еңбегіне ғана ақы төленеді. Кезінде бұл ауылда пошта үйі болған. 30 жыл бойы жөндеу көрмеген ғимарат әбден тозып, сиқы кеткен. Есігіне қара құлып ілініп, пошта шіркеудің асханасына көшірілген. Онда от жағылмағандықтан, көп тұрақтамағанға ұқсайды. Қазір Оксана өз үйін тегін “жалдап” отыр. Ол үшін көк тиын да төленбейді. Газет-журналдар да, зейнетақы да, басқа да төлемдер осында жеткізіледі. Осы округке қарасты Новокаменка елді мекенінде де пошта қызметінің сапасына шағымданушылар жоқ емес.
Аудандық пошта торабының жетекшісі Әбілхан Бижанов пошта тасымалдау ісінде кемшіліктердің барын жасырмады. Ол хат тасушылар мен операторлар үшін жалақының ең аз мөлшерін 80-90 мыңға дейін көтеру керек деп есептейді. 59 хат тасушының 3-еуі – 0,1, 15-і – 0,2, 14-і 0,3 ставкада жұмыс істейді. Қолға алатындары – 5000-18000 теңге ғана. 4 орын бос тұр. Жағдай жасалмағандықтан, дені жекеменшік баспаналарын “пошта үйіне” айналдырған. Тұрғындары әжептәуір Шаховское ауылы облыс орталығына тіпті жақын, бар-болғаны 15 шақырым. Осында байланыс бөлімшесі жоқ дегенге сену қиын. Күнделікті пошта қызметіне “жегілетін” 5 көлік ескірген, 2-еуі жөндеуді қажет етеді. “УАЗиктің” өзі 300 мың шақырымды еңсеріп тастапты. Қосалқы бөлшек табу қасқалдақтың қанын іздегенмен бірдей. Тәуліктік ұзақтығы екі мың шақырымға парапар маршруттың табысынан шығыны көл-көсір. Компанияның өзара тиімді серіктестік қатынастар жүйесі – франчайзингке көшу туралы талабының жүзеге аса қоюы екіталай. Өйткені, келісімшарт негізінде қызмет көрсетуге кәсіпкерлер тәуекел ете бермейді. Бизнестің дайын технологиясымен қамтамасыз етуге міндеттеме алуға қос тараптың ықтиярлы келісімі өз алдына, алдымен материалдық-техникалық база әлеуетті болу керек. Ауылдық жерлерде қаржылық тиімділігі жоққа тән мұндай бастаманың қандай мақсатпен енгізілгені түсініксіз.
937 тұрғыны бар Архангелка ауылы 70-тей ғана газет-журнал жаздырып алады. Бір мыңнан астам халқы бар Новокаменкада да жазылым көрсеткіші осы деңгейлес. Аудан орталығынан 90 шақырым қашықтықта орналасқан Сосновка, Дубровное, Долматовоға жеткізілетін газет-журналдардың санын айтудың өзі ұят. 72 елді мекеннің 14-інде ғана пошта бөлімшелері жұмыс істейді. “Хат тасушыларды тағы қысқарту жөнінде нұсқау келіп, не істерімізді білмей отырмыз. Вишневка, Ташкентка, Михайловка ауылдарында 0,1 ставкамен еңбек ететін мамандарды қысқартқаннан ұтарымыз шамалы. Одан гөрі тығырықтан шығудың оңтайлы жолдарын қарастырған абзал. Меніңше, 2000-2500 тұрғыны бар округте байланыс бөлімшесі болуы тиіс деген талап тым артықтау. Ірі ауыл саналатын Новоникольскоенің тұрғындары 1500- ден аспайды. Екіншіден, пошта тасымалдау саласына Үкімет тарапынан демеуқаржы, субсидия қарастырылғаны жөн. Ауылдық пошта тасымалы – табыс әкелмейтін, өзін ақтамайтын сала. Менің білуімше, Якорь ауылдық округінде ғана республикалық қазына есебінен пошта үйі тұрғызылған. Содан бері он шақты жыл өтсе де, басқасы салынбаған. Басыбайлы баспана жоқтығынан әкімдіктерді, мәдениет ғимараттарын паналауға мәжбүрміз. Кей серіктестіктер жалдау бағасын аспандатып жібереді. Осы мәселелер мемлекеттік деңгейде шешімін тапса, әжептәуір жеңілдік жасалар еді”, – дейді Әбілхан Қайназарұлы.
2018-2019 жылдары өңірде 108 ауыл жабылып, 229 байланыс бөлімшесінің үштен бірі қысқартуға ұшыраған. 628 хат тасушының төрттен бірі 0,2 ставкаға көшірілген. Жалға алынған ғимараттардың саны 184 болса, 123-і – ақылы. Пошта саласына жауапты жергілікті басшылардың сөздерінен ұққанымыз, олар үшін дербестіктің ауылы әлі алыс тәрізді. Ұсақ-түйек мәселеге дейін компанияның араласуымен, рұқсатымен шешілетініне, сынық сүйем қимылдай алмайтынына, алақан жайып, жалтақтап отыратынына қарағанда аяқ-қолдары жіпсіз байланған тәрізді. Сонда орталықтағылар алыс ауылдардың ахуалы, тыныс-тіршілігі өңірлерге етене жақын екенін білмегені ме?
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Сурет https://www.azattyq.org/ сайтынан алынды.