«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПРЕЗИДЕНТКЕ АС ДАЙЫНДАҒАН АСПАЗ

Оның ойлап тапқан тағамдары еліміздің аспаздары арасында брендке баланады. Рецептілері өз есімімен аталып, аспаздарды даярлайтын еліміздегі жоғары оқу орындарының бағдарламасына енген. Есімі елімізге ғана емес, шетелге танымал әлемдік деңгейдегі аспаз – Юрий Дубинин туралы газетімізде бұрын да жазған болатынбыз. Үкімет басшысынан бастап, оның орынбасарлары, министрлер, депутаттар мен өңірімізге ат басын тіреген шетелдік жоғары лауазымды шенеуніктерге ұлттық тағамдарымызды дайындау шеберлігімен таңғалдырып жүрген, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ас әзірлеу құрметіне ие болған аспазбен араға бірнеше жыл салып, хабарласып, бүгінгі күні немен айналысып жүргенін білмек болдық.

Әдетте, аспаз мамандығын меңгеремін десеңіз, жұрт сізге күле қарары анық. Нарықтық заманның сұранысына төтеп беру үшін еңбекақысы жоғары, әрі лауазымды орындарға жайғаса алатындай мамандыққа көзіміз түседі. Заман талабына сай болғың-ақ келеді. Ал Юрий Дубининнің өмір мысалына қарап, бүгінгі күнге жеткен жетістіктерін саралай келе аспаз мамандығымен де жоғары белестерді бағындырып, армандарыңа қол жеткізуге болатынына көзің жетеді. Ол – өзінің сүйікті ісімен-ақ есіміңді елге танытуға болатынын дәлелдеген адамдардың бірі.  

Қазақстанның бас аспаздар қауымдастығының мүшесі, осы ұйымның өңірдегі өкілі – облыс орталығындағы №2 кәсіптік-техникалық училищенің түлегі. Оқуды тамамдаған соң қаланың түрлі дәмхана, мейрамханаларында қызмет етіп, шеберлігін шыңдаған. Тәжірибе жинақтаған соң 1998 жылы облыстық әкімдіктің резиденциясына бас аспаз болып жұмысқа орналасты. Сол уақыттан бері бүгінгі күнге дейін өңірімізге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келгенде Мемлекет басшысына тағамдар әзірлеп келеді.

Ұлты орыс болса да, қазақтың ұлттық тағамдарын бес саусақтай біліп қана қоймай, оның қазіргі заманның талабына қарай рецептілерін түрлендірумен айналысатын аспаздан Елбасының қандай тағамдарға ден қоятынын сұрадық.

– Негізінен, ақпарат жабық болғанымен, жуырда Астана қаласында Мемлекет басшысының бас аспаздары шығарған “Астананың ас дастарқаны” атты кітап шықты. Онда Ақорда аспаздары біраз құпиямен бөліскен. Мәртебелі меймандардың ас мәзірі алдын ала тапсырыс бойынша дайындалады. Нұрсұлтан Әбішұлы ас таңдауда ұлттық тағамдарға басымдық береді. Елбасына денсаулыққа пайдалы табиғи тағамдарды ұсынамыз. Президентімізге ас әзірлеу кезінде оның нені ұнататынын, неге көңіл бөлу қажет екенін оның бас аспазына хабарласып, кеңесемін. Негізінен, ас мәзіріне қазақтың ұлттық және еуропалық жоғары тағамдары енгізіледі. Сорпа пісіретін болсақ, жеңіл қорытылатын ет, көкөністер қолайлы. Әр адам бала кезінен таныс, анасының қолынан пісірілген тағамдарды ұнатары сөзсіз. Нұрсұлтан Назарбаев та өзіне бала кезінен таныс, анасының ыстық алақанынан дәм татқан ұлттық тағамдарды ұнатады. Қазы, қарта, жал-жая ол өз алдына, Елбасы жілік етін жақсы көреді. Облысымызға келген кезде жілік етін баптап пісіреміз. Әрбір қазақ сияқты Президентіміз оны бәкімен өзі кесіп, жегенді ұнатады, – дейді Юрий Дубинин.

Келешекте кітап шығаруды жоспарлаған аспаз өңіріміздегі колледждерде оқитын болашақ әріптестерінің тәжірибе жинақтауына, мамандығын жан-жақты меңгеруіне жағдай жасауды көздейді. Осы бағытта бірнеше жыл қатарынан еңбек етіп жүрген Юрий Дубинин аспаз студенттердің арасында өтетін түрлі байқауларға қатысып, оларға шеберлік сыныптарын өткізген. Жуырда Алматы қаласында өткен, 600 аспаздың басын қосқан COOCERY халықаралық байқауына қатысып, үшінші орынды иеленді. Жақын арада облысымызда Қазақстанның бас аспаздар қауымдастығының филиалын ашпақ ойы бар. Оған жетекшілік етуді өзінің тәлімгері, кезінде аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевқа ас әзірлеген Савелий Пионткевичке ұсынбақ. Сол арқылы облысымыздағы аспаздардың біліктілігін арттыруды қалайды.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp