Білім басқармасы мен “Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының” ұйымдастыруымен 11-сынып оқушылары арасында жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша президенттік олимпиада басталды. Еліміз бойынша бір мезгілде басталған ІХ президенттік олимпиаданың облыстық туры Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-гимназиясында өтті. Қатысушылар өз жетістіктерін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 және Солтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығына арнады.
Өткен жылдармен салыстырғанда, президенттік олимпиадада білімдерін сынауға тілек білдірушілердің саны артқан. Бірінші (өңірлік) кезеңдегі олимпиадаға – 262 бала қатысса, оның 130-ы – қазақ, 132-сі орыс тілінде бақ сынады. Соның ішінде 20 оқушы екінші облыстық кезеңге жіберілді. Әр қатысушы математика, физика, химия, биология пәндері бойынша тапсырмаларды 120 минутта орындады. Тестілеу аяқталғаннан кейін қатысушыларға 45 минут уақыт бөлініп, түрлі тақырыптар бойынша эссе жазды. Эссе қорытындысы мен олимпиаданың ақтық кезеңіне жолдама алғандар 18 қарашада белгілі болады.
Президенттік олимпиаданың ақтық (үшінші) кезеңі 23-26 қараша аралығында Қарағанды облысының Теміртау қаласында өтеді.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.