«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПРЕЗИДЕНТ ЗАЛЫ АШЫЛДЫ

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Тұңғыш Президент залы ашылды. “Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі” жұлдызды 25 күн акциясының аясында ашылған залға қойылған тарихи маңызы зор құжаттардан Елбасының өмірі жайында көп мәлімет алуға болады. Мемлекет басшысының облысымызға келген сапарларынан сыр шертетін ақпараттар да осында жинақталған.

– Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында университетте осындай шара ұйымдастырып отырмыз. Бұл – өте қуанышты күн. Жаңадан ашылған залда Елбасы жайлы көптеген мағлұматтармен қатар, аудиокітаптар да қойылған. Бұл – студенттер, магистранттар мен оқытушылар үшін тарихқа терең бойлаудың тағы бір мүмкіндігі, – дейді М.Қозыбаев атындағы СҚМУ проректоры Мүкәрам Тайжанова.

Залда университеттің жеке қорынан алынған Елбасы туралы кітаптар мен Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жазған туындылары бар. Жоғары оқу орнына Елбасының іссапармен келген сәтіндегі суреттерден құрастырылған альбомды да осы жерден көруге болады. Бұдан бөлек, жаңа залда Президенттің өмірі мен еңбек жолы туралы деректі фильмдерді теледидар арқылы тамашалауға болады.

Бүгінде М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің 10 студенті Президент стипендиясын алады. Шара барысында олардың барлығы қоғамдық өмірге белсене араласқандары үшін арнайы сертификаттармен марапатталды. Солардың бірі – Ниязбек Үкенов. Ол ақпараттық технологиялар факультетінде мемлекеттік грантпен оқиды. Президент стипендиясынан бөлек, Елбасы қорынан алатын шәкіртақысы тағы бар.

– Мен Президент шәкіртақысын алатыныма қуаныштымын. Ол әркімге беріле бермейді. Бұл менің оқытушылар мен елімнің алдындағы жауапкершілігімді арттыра түседі. Биыл 4-курс студентімін. Оқуымды аяқтап, өз мамандығым бойынша қызмет еткім келеді, – дейді Ниязбек Үкенов.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp