Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысында болды. Сапар барысында Мемлекет басшысына өңірдегі ауыл шаруашылығының ахуалы мен оны дамыту перспективалары жөнінде ақпарат берілді. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев көкөністер тұқымын және көшені безендіруге арналған ағаш көшеттерін өсіру жұмысымен танысты.
Сонымен қатар Елбасы Шымкент қаласындағы №3 емханада болып, облыстағы денсаулық сақтау саласына жаңа технологияларды енгізу үдерісін көрді.
Елбасы сапар барысында Шымкенттегі “Көрме орталығында” болып, Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлерімен кездесті. Бұл жерде Мемлекет басшысы Шымкент қаласының жаңа әкімшілік орталығы құрылысының жобасымен, сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпорындар тауарларының өңірлік көрмесіне қойылған өнімдермен танысты.
Кәсіпкерлермен кездесу барысында Қазақстан Президенті өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің оң сипатын атап өтті.
– Қалада да, облыста да көп жұмыс істеліп жатыр. Өңірдегі тауар өнімділігінің қарқыны өте жақсы. Ол үш жыл ішінде екі есе өсті. Облыста ауыл шаруашылығын дамыту үшін айтарлықтай әлеует және қолайлы климаттық жағдай бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы өңірдегі бірқатар проблемаларға, атап айтқанда, кейбір жаңа өндірістердің тоқтап қалуы мен мектептердегі орын жетіспеушілігі мәселелеріне тоқталды.
ҚазАқпарат.