Кеше Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысты іс-шаралар жоспарын бекітті.
Оған сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің лауазымына кандидаттарды ұсыну 10 сәуірден басталып, 28 сәуір күні сағат 18-00-де аяқталады. Президенттiкке кандидаттарды ұсыну құқығы «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 55-бабына сәйкес республикалық қоғамдық бiрлестiктерге тиесілі. Кандидаттардың заңда қойылатын талаптарға сәйкестiгiн анықтауды Орталық сайлау комиссиясы республикалық қоғамдық бiрлестiк тиісті құжаттарды тапсырған кезден бастап бес күн iшiнде жүзеге асырады. Президенттіктен үміткер жоғары білімді, 40 жасқа толған, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымда кем дегенде 5 жыл жұмыс тәжірибесі бар, соңғы 15 жылда Қазақстан Республикасының аумағында тұратын, мемлекеттік тілді еркін меңгерген азамат болуы шарт.