«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПРЕЗИДЕНТ – ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДА

Елбасы Шығыс Қазақстан облысының жұртшылық өкілдерімен және кәсіпкерлерімен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысы еліміздің бірегей өнім түрлерін өндіретін ірі өнеркәсіптік өңірінің бірі екендігіне тоқталды.

– Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуына байланысты өңір кәсіпорындарының алдынан жаңа нарық ашылуда. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға зор көңіл бөлінуде. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы қарыштап ілгерілеуде. Облыста майлы дақылдардың төрттен бірі өндіріледі, ет пен сүт өндіруден жетекші орында, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті бүкіл республика бойынша басымдыққа ие шағын және орта бизнес секторының да бұл өңірде қарқынды дамып келе жатқанын атап көрсетті.

Шығыс Қазақстан үшін экологиялық ахуалды жақсарту айрықша өзекті. Қазақстан Президенті баса ден қоюды қажет ететін осы мәселеге де тоқталды. Сондай-ақ, облыста түсті металдардың негізгі қоры шоғырланғанына және оны игеру мен экономикалық айналымға тарту жөніндегі жұмыстарды күшейту қажеттігіне назар аударды, өнеркәсіптік бесжылдық аясында іске қосылған нысандарды толық пайдалану қажеттігін атап өтті. Апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешуді және денсаулық нысандарының құрылысы кестесін мүлтіксіз сақтауды тапсырды.

Қазақстан Президенті облыстың жалпы алғанда табысты дамып келе жатқанын, бірақ қарқынды әлі де үдете түсу қажеттігін айтты.

Жергілікті зауытты аралау кезінде Мемлекет басшысына облыста жүзеге асырылып жатқан Индустрияландыру картасының жобалары көрсетілді.

Сапар барысында Елбасы жекпе-жектер сарайын, жеңіл атлетикалық орталық пен жүзу бассейнін аралап көрді. Өскемен қаласының спорт базасын кешенді дамыту жұмыстары барысымен және Шығыс Қазақстан облысында спорт, білім, жастар саясаты саласында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты. Сонымен қатар, Қазақстан Президентіне өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған, атап айтқанда, жетім балаларды қолдауға (“Мейірім” акциясы), мүгедек балаларға көмек көрсетуге (“Әлемге ашылған терезе”), түлектерді жұмысқа орналастыруға, меценаттыққа байланысты жобалар туралы баяндалды. Нұрсұлтан Назарбаев өңірдегі спорт саласы ардагерлерімен әңгімелесіп, оң өзгерістерді атап өтті.

“ҚазАқпарат”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp