
Өңірімізге жұмыс сапарын Айыртау ауданынан бастаған Қазақстан Республикасы Премьер- Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Ботай қонысына соғып, біздің заманымызға дейін өмір сүрген халықтың мәдениетімен, сол жерде салынуы тиіс “Ботай” мұражай-археологиялық кешенінің жобасымен танысты.
Біздің заманымызға дейінгі Энеолит дәуірінде бұл жерде Ботай мәдениеті қалыптасқан. Жергілікті археологтар сол дәуірдегі үйлердің 80-ге жуығын тауыпты. Археолог мамандар бұл жерде ашық аспан астындағы мұражай салу мәселесін көтеріп отыр. Вице-премьер аталмыш жобаны қолдайтындығын жеткізді. Болашақта жоба жүзеге асырылса, бұл жерге инфрақұрылым тартылып, ипподром, этнографиялық ауыл, емдеу-сауықтыру және мәдени ойын-сауық орталықтары салынбақ.
Премьер-Министрдің орынбасарына ежелгі Ботай қонысында жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстары жайлы баяндаған тарих ғылымдарының докторы, археология профессоры Виктор Зайберт өздерінің көп орындарды қазбай-ақ, инновациялық технология арқылы ақпарат алуға ұмтылып отырғандарын айтты.
Бердібек Сапарбаев Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылының тұрғындарымен кездесіп, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009-2011 жылдарға арналған “Нұрлы көш” бағдарламасы аясында салынған Бәйтерек ауылында бүгінде 1500-ден астам адам тұрып жатыр. Тұрғындардың дені – Ресейдің Омбы, Қорған облыстарынан, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан елдерінен атамекенге ат басын тіреген ағайындарымыз. Бүгінде олар мал, егін шаруашылығы сынды атакәсібімізді өркендетіп, өз тұрмыстарын дөңгелетіп отыр. “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылдың он екі тұрғыны Үкіметтен жеңілдетілген несие алып, өз кәсіптерін бастаған. Бірі дүкен ашып, бірі монша салып, шаруаларын ұршықша үйіруде. Жол қатынасы қысы-жазы қиындық тудырмайды. Алайда, ауыл тұрғындарын алаңдатып отырған мәселелер де жоқ емес. Солардың ішінде ең өзектілері – көптен бері күрмеуі шешілмей келе жатқан мектеп, балабақша, медициналық пункттің құрылысы.
339 мектеп жасындағы өреннің Қызылжар ауданының орталығы – Бескөлдегі үш мектепке қатынап білім алуы, 46 бүлдіршіннің аталмыш ауылдағы “Мирас” балабақшасында тәрбиеленуі бәйтеректіктерге қиындықтар туғызуда. Осы мәселелерді алға тартқан вице-премьер Бердібек Машбекұлы ауыл тұрғындары санының жыл сайын артып отырғанына оң бағасын берді. Келер жылы 300 орындық мектеп құрылысы басталып, оның республикалық бюджеттен қаржыландырылатынын жеткізді. Балабақша салу жұмысы жергілікті билікке жүктелді.
Ауыл тұрғындарымен әңгімелескен Бердібек Сапарбаев көпэтносты халқымыздың ауызбіршілікте, ынтымақтастықта өмір сүруі еліміздің басты байлығы екендігін, әр адамның жеке басының ғана емес, ортақ Отанымыз – Қазақстанның бақытты болашағы үшін ерінбей еңбек етуі қажеттігін баса айтты.
Осыдан кейін Бердібек Сапарбаев пен облыс әкімі Ерік Сұлтанов Петропавлдағы “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінде болып, Абылай хан ескерткішіне гүл шоқтарын қойды, 2008 жылы негізі қаланған тарихи-мәдени орындағы құнды жәдігерлермен танысты.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында биыл Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтетінімізді айтқанды. Соған орай Үкімет комиссиясы құрылып, еліміздің өңірлерінде мемлекет тарихының осынау бедерлі белесін Қазақстан халқының ұлы мерекесі ретінде жүрекке ұялатуға арналған шараларды жүзеге асырып келеді. Соның бірі – жұма, 5 маусымда М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде болып өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция.
Қазақстанның, Ресейдің тарихшы ғалымдары тоғысқан конференция Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың сөзімен ашылды. Ол Қазақ мемлекетінің іргетасын қалаған Керей мен Жәнібек хандардың осыдан 550 жыл бұрын атқарған ұлы миссиясының маңызына тоқталып, ойын халқымыздың Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен “Мәңгілік Ел” идеясын жүзеге асыруды мақсат етіп отырған бүгінгі ұмтылысымен түйіндеді.
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов мемлекеттілігіміздің ту тіккен күнінен бүгініне дейін үлкен тарихи кезеңі жалғасып келгенін, Қазақстан Республикасы әлемдегі озық отыз елдің қатарына қосылу мұратын жүзеге асыратынын және оған біздің өңіріміздің де саяси-экономикалық, мәдени-ғылыми әлеуеті жұмсалатынын жеткізді.
Содан соң тарихшылар мемлекеттілігіміздің өткен жолдарына терең бойлап, Керей мен Жәнібектің дербес хандықтың құрылуындағы атқарған зор еңбектерін жан-жақты талқылады.
Әсіресе, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Тарих институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяғанның “Керей хан мен Жәнібек хан – қазақ хандығының негізін қалаушылар” атты баяндамасы тың деректерімен баурады. Сондай-ақ, тарихшы-археолог ғалым Виктор Зайберттің Энеолит дәуірінің “Ботай” тарихи-мәдени ескерткіші жайындағы сөзі ықыласпен тыңдалды.
СҚМУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ибраева қазақ хандығының қалыптасуы мен дамуының ерекшеліктеріне тоқталды.
Ал СҚМУ профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Зарқын Тайшыбайдың Петропавлда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тарих және этнология институтының филиалын ашу жөніндегі ұсынысы Премьер-Министрдің орынбасарының тарапынан қолдау тауып, ол конференция жұмысы үстінде бұл мәселені қолға алуды осы салалық министрдің орынбасарына тапсырды.
Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың жұмыс сапары облыстық онкологиялық диспансерде жалғасты. Онда облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қатысуымен өңіріміздегі әлеуметтік саланы дамыту мәселесі қозғалған кеңес өтті. Жиынға облысымыздың аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, кәсіпкерлер палатасының, облыс кәсіподақтары орталығының, даму институттарының өңірлік филиалдарының, “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік одағының өкілдері қатысты.
Бердібек Сапарбаев емдеу мекемесінде құрылысы 2016 жылы басталатын екіқабатты ғимараттың жобасымен, диспансердің сәулелі терапия бөлімшесінің жұмысымен танысты. Осызаманғы құрал-жабдықтарды көрді.
Облыстық білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары басшыларының есептерін тыңдаған Б. Сапарбаев әр салаға қатысты көкейкесті мәселелерді көтерді.
Білім басқармасының басшысы Шолпан Каринованың айтуына қарағанда, облысымызда 70509 оқушы болса, оның 1870-і мектептерге көлікпен жеткізілуде. Осындай балалар санының көптігіне назар аударған Премьер-Министрдің орынбасары оқулықтардың сапасына да көңіл бөлді, мүмкіндігі шектеулі балаларды қашықтықтан оқытуда қазіргі заманғы техниканы пайдаланып, жетілдіруді тапсырды.
Б.Сапарбаев облыстық денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығы, емханалардағы кезек, скринингтік тексерістердің тиімділігі, жедел медициналық көмек, тегін берілетін дәрі-дәрмек және ақ халаттылардың еңбекақысы туралы сұрады. Басқарма басшысы Қабдырахман Сақтағанов облысымызда 103 дәрігер жетіспейтіндігін, емдеу мекемелеріндегі кезек мәселесін Call-орталықтар арқылы шешу қолға алынғандығын, дәрігерлердің орташа еңбекақысы – 150 мың, ал медбикелердікі 85 мың теңгені құрайтындығын айтты. Бердібек Сапарбаев медициналық қызметкерлерге тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сапасына назар аударуды жүктеді.
Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының басшысы Рустам Бикенев жыл басынан бері өңірлік театрларда 8 премьералық спектакль сахналанғанын, гастрольдық сапарлар жүйелі жүргізілетіндігін, тұрғындардың мәдени орталықтарға баруы 80 пайызды құрап отырғандығын айтты. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде білім беру мен мәдениет басқармаларының бірігіп жұмыс істеуінің тиімді тұстарына тоқталған Б. Сапарбаев мектеп оқушыларының мәдени орталықтарға баруын қадағалауды, ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған “Туған елге тағзым”, “Түлек.kz” атты акцияларға бір адамдай қатысуды тапсырды.
– Қоғамдағы жағдай әлеуметтік мәселелерге байланысты. Адамның көңіл күйі де осы салаға тәуелді. Егер мемлекетте әлеуметтік мәселелер шешіліп жатса, онда ел тұрғындарының жағдайы жаман болмайды. Мемлекет дамиды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы салаға үлкен көңіл бөліп келеді. Көп дүние сіздердің күнделікті жұмыстарыңызға байланысты, – деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбекақысы келер жылдың қаңтар айынан бастап көтерілетіндігін тілге тиек еткен Б. Сапарбаев Қызылжар және Тимирязев аудандарында мемлекеттік тілде білім беретін оқу орындарының санын көбейту қажеттігіне назар аударды, облысымыздағы әлеуметтік саланың даму қарқынына оң баға берді.
Жұмыс сапарының соңында Қазақстан Республикасының вице-премьері Бердібек Сапарбаев пен облыс әкімі Ерік Сұлтанов “Мұнаймаш” АҚ-да болды.
Өндіріс орнының басшысы Сергей Григоренко Үкімет басшысының орынбасарын кәсіпорынның жағдайымен таныстырды. “Мұнаймаш”, негізінен, “қара алтын” өндірісіне ұңғыма және қарнақты сорғылар жасаумен айналысады.
Осы зауыттың мәжіліс залында вице-премьердің қатысуымен “Тұрғындарды жұмыспен қамту және қызметкерлердің еңбек құқықтары мен кепілдігін қамтамасыз ету бойынша жасалған меморандумдардың орындалуы туралы” кеңес өтті.
– Елбасының “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында алға қойылған міндеттерді орындау үшін, сол сияқты, Үкіметтің қолдауымен жүйелі де мақсатты жұмыстарды жүргізу арқасында өзара ынтымақтастық, кәсіпорындарда даулы жағдайларға жол бермеу және өндірістік процестерді ырғақты дамытуды қамтамасыз ету туралы меморандумдар, ұжымдық келісімшарттар қабылдауға арналған жұмыстар облыста пәрменді жүргізілуде. Бердібек Машбекұлы, өзіңіз үстіміздегі жылғы 4 ақпанда өңірімізге келіп, ірі кәсіпорындармен меморандумдар жасап кеткеннен бері бұл жұмыс тіпті жандана түсті, – деді кеңесті ашқан Ерік Сұлтанов.
Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов меморандумдардың қалай жүзеге асырылып жатқаны жайлы баяндады. Облыс кәсіподақтары орталығының төрайымы Жамал Ахметова әлеуметтік әріптестік бойынша атқарылып жатқан шараларға тоқталды.
Бердібек Машбекұлы өңірде бұл бағытта қыруар жұмыс атқарылғанын айта келіп:
– Арқаны кеңге салуға әлі ертерек. Дағдарыс әлі біткен жоқ, Ресейге салынған санкция да алынған жоқ. Сондықтан, Елбасы Жолдауында айтылғандай, пәрменді еңбек етуіміз керек, – деді.
Ерік Сұлтанов Қызылжар өңіріне үстіміздегі жылы екі рет келіп, өңірдің дамуына жете көңіл бөлгені үшін вице-премьерге ризашылығын білдірді.
Самат САПАРАЛЫ,
журналист,
Нұргүл ОҚАШЕВА,
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсіргендер
Амангелді БЕКМҰРАТОВ,
Талғат ТӘНІБАЕВ.