Облыстық прокуратура жыл басынан бері мемлекетке келтірілуі ықтимал 604 млн. теңге шығынның алдын алды. Бұл туралы өткен жұма күні болған брифинг барысында облыс прокурорының орынбасары Арай Әлімов мәлімдеді.
Мемлекеттік сатып алуды қатаң бақылауда ұстап отырған прокурорлардың айтуынша, бұл – жемқорлық жайлаған саланың бірі.
– Бір ғана мысал келтірейін, Петропавл қаласында автомобиль жолдарын жөндеуге және салуға конкурс жарияланды. Бұл үшін бюджеттен 177 млн. теңге бөлінді. 8 қатысушы бұл жұмысты қолға алуға ниет білдірді. Бірақ белгісіз себептермен тізімге кірмеген мүлде басқа кәсіпорын жеңімпаз болып шыға келді. Біздің араласуымызбен қаржы қайтарылды, – деді Арай Әлімов.
Жыл басынан бері әлеуметтік-экономикалық салада 350 тексеріс жүргізіліпті. Нәтижесінде 6 мыңнан аса заң бұзушылық тіркелсе, соның 5500-і түзетілген. 10847 адамның конституциялық құқығы қорғалған.
Сондай-ақ, өңірде қасақана адам өлтіру фактілері азаймай, керісінше көбейіп барады. Үстіміздегі жылдың өткен алты айында 17 адам қасақана өлтірілген. Мұндай жағдайлар облыс орталығында жиі орын алуда. Қазір осындай қылмыстың алдын алу үшін 20 прокурор жұмыс істеп жатқан көрінеді.
Жиында өз-өзіне қол салу фактілері де көтерілді. Үстіміздегі жылдың алты айында облыста 7 адам өз еркімен өмірмен қош айтысқан. Солардың екеуі Есіл ауданындағы агро-техникалық колледжде орын алыпты. Осыған орай оқу орнының директоры қызметінен босатылып, үстінен қылмыстық іс қозғалған.
– Жарты жылда аталмыш білім ошағында екі студент өз-өзіне қол салды. Үш адам дер кезінде құтқарылды. Біздің мамандар оқу орнында алдын алу жұмыстарын жүргізуде, – деді Арай Әлімов.
Сонымен қатар, брифингте әлеуметтік желіде ұлтаралық алауыздық тудырған облыс орталығының тұрғыны Антон Алханишвилиге қатысты сот үкімі шыққаны айтылды. Петропавл қалалық соттың шешімімен ол 3 жылға бас бостандығынан айрылып, жазасын жалпы тәртіптегі түзеу мекемесінде өтейтін болды. Ол әлеуметтік желіде ұлтаралық және діни алауыздық тудыратын түрлі арандатушылық материалдар таратқан.
Брифинг барысында журналистер жуырда Петропавлда болған жаға ұстатарлық жағдай – 5 жастағы ер баланың өлімі туралы сұрақ қойды. Қазіргі таңда бала үйдің терезесінен құлап кеткен деген болжам тексеріліп жатыр. Бір анығы, қаза тапқан баланың дене мүшелеріне зақым келген.
(Өз тілшіміз).