Кеше облыстық прокуратурада өткен баспасөз мәслихатында қадағалаушы органның өкілдері әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты сақтау мақсатында 2015 жылы атқарған жұмыстары жайлы баяндады.
Облыстық прокуратураның 1-ші басқармасының бастығы Асхат Ауқатовтың айтуынша, былтыр жүргізілген прокурорлық тексерістердің нәтижесінде өңірімізде 9655 заңбұзушылық анықталыпты.
Құзырлы орган қызметкерлерінің араласуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларды қолдану саласында 300-ден астам тексеріс жүргізіліп, 4 мыңға жуық заңбұрмалаушылық әшкереленген. 139 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Қадағалаушы органның араласуымен 307 млн. теңгеге жуық еңбекақы қарызы қайтарылыпты.
Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу жұмыстары жайында облыс прокурорының аға көмекшісі Раушан Қожахметова баяндап: “Бұл бағытта ішкі істер органдарының ювеналдық полиция бөлімі көптеген шараларды жүргізуде. Солардың бірі – кәмелеттік жасқа толмағандарды алдын алу есебіне қою. Бүгінгі таңда ішкі істер органдарында есепте тұрған жасөспірімдердің жалпы саны – 705. Сондай-ақ, 738 қолайсыз отбасы есепке алынды”, – деді.
Прокуратура органдары мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтарын қорғауды тұрақты негізде тексеріп отырады. Былтыр денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек және білім беру мәселелерінде мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтары бұзылғандығы анықталған. Мәселен, Мамлют ауданында 2002 жылы туған Б. есімді балаға оңалту және сауықтыру үшін берілетін мүгедектер қоларбасының орнына оның денесінің өсіп-жетілуіне кедергі келтіретін басқа қоларба беріліпті. Осы тектес құқық бұзушылықтар Мағжан Жұмабаев, Айыртау, Есіл және Қызылжар аудандарында да орын алған.
Мәслихат соңында прокуратура қызметкерлері жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.