«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПРОКУРОРДЫҢ СОТҚА ҚАТЫСУЫ ҚЫСҚАРТЫЛАДЫ

“100 нақты қадам” Ұлт жоспарының екінші тарауында заңның үстемдігін қамтамасыз ету реформасы жүргізілетін бағыттар атап көрсетілген. Елбасы сот рәсімін жеңілдету және сот процесін тездету міндетін қойып отыр. Оны шешудің бір жолы прокурордың азаматтық-құқықтық даулар бойынша сотқа қатысуын қысқарту болып табылады.

Азаматтық іс жүргізу кодексінің 55-бабында прокурордың азаматтық сот ісін жүргізуге қатысуына байланысты негізгі ережелер бекітілген. Сонымен қатар, прокурордың азаматтық сот ісін жүргізуге қатысуы аталмыш заңда көзделген, прокурордың осы іске қатысу қажеттілігін сот таныған жағдайларда, сондай-ақ, прокурордың бастамасы бойынша қозғалған, мемлекеттің мүдделерін қозғайтын, жұмысқа қайтадан алу, жалақыны өндіріп алу, азаматты басқа тұрғын үй-жай берместен тұрғын үйден шығару, өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы істер бойынша міндетті екені белгіленген.  

Жоғарыда көрсетілген нормалар “Азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығына прокурорлық қадағалау мен соттарда мемлекет мүддесінің өкілдігін ұйымдастыру туралы нұсқаулықты бекіту туралы” ҚР Бас прокурорының 2012 жылғы 13 желтоқсандағы №151 бұйрығында көрсетілген.

Заңда прокурордың қатысуы:

– прокурордың бастамасы бойынша қозғалған;

– ата-ана құқықтарынан айыру, қалпына келтіру, шектеу туралы, бала асырап алу туралы, бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы, ұл (қыз) бала асырап алудың күшін жою туралы (АІЖК-тің 36-1-тарауы, “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” ҚР Кодексінің 76,78,79,87,103,107-баптары), кәмелетке толмағандардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қозғайтын өзге де даулар бойынша (АІЖК-тің 46-бабының 2 және 3-тармақтары);

– мемлекеттік басқару органдары мен лауазымды адамның шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы (АІЖК-тің 281-бабы);

– нормативтік-құқықтық актілердің заңдылығына дау айту туралы (АІЖК-тің 284-бабы);

– азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы немесе азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы (АІЖК-тің 299-бабы);

– азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп тану туралы (АІЖК-тің 306-бабы); әрекет қабілеті шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қозғайтын өзге де даулар бойынша (АІЖК-тің 46-бабының 2 және 3-тармақтары);

– кәмелетке толмаған баланы арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режімде ұстайтын ұйымға орналастыру туралы (АІЖК-тің 308-2-бабы);

– шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы (АІЖК-тің 317-14-бабы) істер бойынша тікелей көзделген.

Осылайша, қолданыстағы заңнама бойынша азаматтық-құқықтық даулардың маңызды санаттары бойынша прокурордың міндетті қатысуы көзделген. Осыған орай мемлекеттің мүдделері немесе өзін өз бетінше қорғай алу мүмкіндігі жоқ азаматтардың мүдделері қозғалған жағдайда ғана, сонымен қатар адамдар тобының мүдделерін қорғау талап етілген жағдайда ғана (жаппай жұмыстан шығару, үлкен еңбек ұжымына жалақыны төлемеу, көп адамды үйден шығару, өзге де ұқсас жағдайларда) прокурордың азаматтық-құқықтық даулар бойынша сотқа қатысуын қалдыру ұсынылады.

Прокурордың азаматтық-құқықтық даулар бойынша сотқа қатысуын қысқарту азаматтық істерді қарау уақытын және материалдық шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді (істермен танысу, хабарламалар және т.с.с.).

Сондай-ақ, прокурордың азаматтық-құқықтық даулар бойынша сотқа қатысуын қысқарту прокурорды азаматтық сот ісін жүргізуде заңдардың дәл және біркелкі қолданылуын жоғары қадағалауды жүзеге асыру міндетінен босатпайтынын ескеру қажет.

Болат КЕНЖЕНОВ,

облыстық соттың судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp