Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бұйрығымен жуырда облыс прокуроры болып тағайындалған Берік Асылов республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті.
Өңір прокуроры өз сөзінде Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында, “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында және Бас прокуратураның бұйрықтарында белгіленген басымды міндеттер мен тапсырыстарды орындаудың маңыздылығына тоқталып өтті. Сонымен бірге, прокуратура органдары атқаратын жұмыстарға назар аударды. Оның ішінде халықтың сенімін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық және өңірдегі қоғамдық-саяси жағдай, т.б. мәселелер бар.
Берік Ноғайұлы алдағы жұмыс жоспарларымен, облыстағы криминогенді жағдай жөніндегі сараптама қорытындыларымен бөлісті, қылмыс арасында ұрлықтың көбейгенін атап өтті.
– Мен ұрлық санын барынша төмендетуді басты мақсат етіп қойып отырмын, осылайша, қылмыс деңгейін түсіруге болады. Өткен жылы облыс аумағында жасалған қылмыстың 60 пайызын ұрлық құрады. Бірінші тоқсанда жасалған 1917 қылмыстың 1126-сы ұрлықпен байланысты. Олардың санын азайтуымыз керек, ол үшін түрлі әдістер мен құралдарды, мәселен, онлайн-бейнебақылауды кеңінен қолдану қажет. Дәл осындай жұмыспен Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Астана қалаларындағы прокуратура органдарында тәжірибе жинақтаған мын, – деді облыс прокуроры.
Тағы бір мәселе – бизнесті қорғау. Облыс прокуроры кәсіпкерлікті дамытудың өңірдің экономикалық жағдайына оң ықпал ететініне сенімді. Бизнес белсенділігінің өсуі жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Жұмыссыздық азайса, қылмыс жасайтындар қатары да сирей түседі. Статистикалық деректерге сәйкес облысымызда көбінесе тұрақты жұмысы жоқтар мен есірткіге тәуелділер қылмыс жасайды екен. Әлеуметтік тұрақсыздық салдарынан аталған тұлғалар қылмыс жасауға, жеңіл жолмен күнкөріс үшін ақша табуға бейім. Есепте тұрған тұлғалармен профилактикалық жұмыс жүргізу, еңбекке орналастыруды қарастыру керек.
Қылмыспен күреске бизнес субъектілерін тарту қажет. Олар өздерінің мүлкін сақтау үшін қылмыстың алдын алуға тырысады, жаңадан қолданысқа енгізіліп жатқан заманауи “IP” технологияларды қолданады. Мысалы, Мамлют ауданында шаруа қожалықтарының басшылары малдарының қайда бағылып жүргендерін анықтау үшін “GPS-трекерлер” сатып алып, пайдалануда. Осындай оң үрдісті басқа аудандар да пайдаланса, қылмыстың азаяры сөзсіз.
Ашық әңгіме түрінде өткен кездесу барысында журналистер өз көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, күнделікті өмірде кездесетін мәселелерді көтерді. Облыс прокуроры журналистердің барлық сауалдарына жауап беріп, мұндай кездесуді жүйелі өткізіп тұруға уәде етті.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.