“Жастар” ғылыми-зерттеу орталығы мен Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Балалар қорының сарапшылары (ЮНИСЕФ) пандемия кезінде жастарға психологиялық қолдау көрсету, эмоционалдық күйзелістің алдын алу, көңіл күйді жақсарту тақырыбында вебинар өткізді.
Карантин жағдайы ересектермен қатар жас буын өкілдеріне де оңай тиіп жатқан жоқ. Сондықтан ЮНИСЕФ сарапшылары қиын кезеңде жастарға көмек көрсетуге кіріскен. Жұлдыз Махатова мен Лилия Куземко жастар ресурстық орталықтарына замандастарының психологиялық күйзеліске ұшырауына жол бермеу туралы ұсыныстарын да жеткізген. Олардың пікірінше, індет кезіндегі ахуал жастарды “эмоционалды күйзеліске” әкеліп соқтыруда. “Америкалық ғалымдар Маслач пен Джексонның зерттеуінше, эмоционалдық күйзеліс үш түрге бөлінеді. Яғни, эмоционалдық шаршау, деперсонализация және кәсіби жетістіктердің құнсыздануы. Қазір карантин кезінде адамдар, негізінен, төрт қабырғада қамалып, үйден шықпай отыруға мәжбүр. “Бұл індеттің таралмауына жол бермеу үшін жасалған шара болғанымен, екінші жағынан адамдардың барлығы үйде отырғандықтан, тұрмыстық ұрыс-керістер де көбейе түсті. Сол себепті біз жастарға психологиялық көмек көрсетудің алгоритмін ойлап таптық”, – дейді сарапшылар. Олар эмоционалдық күйзелістің белгілерін болдырмау үшін спортпен шұғылданудың пайдасы зор екенін айтады. Сондай-ақ, кешкі серуен және сүйікті хоббиіңмен айналысу да адамды күйзелістен құтқарады. Бұдан бөлек, айналаңызда жайдары, жақсы адамдардың болуы маңызды.
Тренинг барысында “Жастар” ғылыми-зерттеу орталығының өкілдері сәуір айында ашылған https://covid-19.mentalcenter.kz сайтының аралық қорытындысы туралы есеп берді. Сайтқа кез келген адам өтініш білдіріп, психолог мамандардың тегін онлайн консультациясын ала алады. Коронавирус ауруы кезінде халыққа психологиялық қолдау көрсету мақсатында ашылған бұл сайтқа төрт айдың ішінде 90 елден 30 мыңнан астам адам кірген. 300-ден астам тегін консультация көрсетілген.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық орын алған жағдайда азаматтар “150” немесе +7-708-106-08-10 (WhatsApp) тегін телефон нөмірлеріне хабарласа алады немесе www.telefon150.kz сайтынан көмек сұрай алады. Мұнда мамандар жәбірленушілерге психологиялық және құқықтық қызмет көрсетіп, жергілікті инспекторлардың, кризистік орталықтардың және басқа да қажетті ұйымдардың байланыс нөмірлерін береді. Құпиялық сақталады.
Бүгінде еліміздің әр аймағында 200-ден астам жастардың ресурстық орталықтары жұмыс істейді. Олардың барлығында психологиялық көмек көрсететін білікті мамандар мен психологтар бар. “Жастар мен жасөспірімдердің психологиялық ахуалы ерекше назар аударуды қажет етеді. Оның үстіне, пандемия кезінде миллиондаған адам өздерінің күнделікті тұрмысына өзгеріс енгізуге мәжбүр болды. Бұл да қалыпты өмірімізге кесірін тигізбей қоймады. Сондықтан жастар ресурстық орталықтарының мамандары кейінгі буын өкілдеріне заманауи көмек жолдарын ұсынуға аса зор мән беріп, білімдерін осы бағытта толықтырғандары қажет”, – дейді “Рухани жаңғыру” қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Данияр Есин.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.