Психология – ХХІ ғасырдың ғылымы. Аталмыш ғылымға мұндай анықтаманың берілуі тегін емес. Себебі, бүгінгі қоғамдағы өзгерістер мен толассыз жаңалықтар адамның жүйкесіне молынан әсер етуде. Алайда, әлем әлдеқашан қажеттілігін мойындаған психология ғылымы елімізде қайда болсын жетім баланың күйін кешуде.
БІЗ КІМБІЗ?
Осы сұрақты мектеп психологтері өздеріне емес, Білім және ғылым министрлігіне қоюға мәжбүр. Әлі күнге дейін мәртебелері анықталмай, өздерін педагогикалық та, әкімшілік те санатқа жатқыза алмай дал болған мектеп психологтері арыз-шағымдарын тиісті министрлікке бірнеше мәрте жібергенімен, жауап болмаған. “Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды” демекші, өтініштерін, ұсыныстарын жаза-жаза шаршаған олардың налудан басқа амалдары қалмағандай.
– Психологтердің жұмысы “Жедел жәрдем” көмегінің қызметімен пара-пар деуге болады. Мектепте оқушыға қатысты төтенше жағдай орын алса, мәселені шешуге алдымен психолог шақыртылады. Жауапкершілік те психологке жүктеліп, кінә да оған артылады. Осындай жағдайда жұмыс істеп жүрген мамандардың мәртебесінің анықталмауы көңілге қаяу түсіреді, – дейді облыстық білім басқармасы жанынан ашылған әдістемелік жұмыс және ақпараттық технология орталығының әдіскері Ирина Якимова.
Мектептің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген психолог мамандардың атқарып жатқан жұмысы бағаланбағандықтан, кадр тұрақсыздығы да орын алған. Бұған, сондай-ақ, еңбекақының аздығы да себеп болып отыр. Ирина Якимованың айтуынша, 2011 жылы Білім және ғылым министрлігінің шешімімен психолог мамандардың еңбекақысы төмендетілген. Бүгінгі таңда оның көлемі – 35-50 мың теңге аралығында. Бір сөзбен айтқанда, “Түйенің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ” дегеннің кебі.
ОЛАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ КІМДІ ОЙЛАНДЫРАДЫ?
Әзірге психологтер өздерінің жай-күйін тыңдар құлақ таба алмай, көкейлеріндегілерін бір-біріне айтуға мәжбүр. Себебі, елімізде психологтердің мектепте жұмыстарын тиянақты атқаруы үшін жағдай жасалмай отыр. Егер өркениетті елдерде мектеп психологіне бөлек кабинет беріліп, ол баламен жұмыс істеуге жайлы етіп жабдықталса, біздегі мамандар үшін бұл талап әзірге арман ғана.
– Қазіргі жағдайға қарасам, психолог мамандар мектепте ешкімге керек емес сияқты. Психолог өзінің жұмысын тиянақты атқаруы үшін оның жеке кабинеті, компьютері болуы керек. Психологтің баламен оңаша тілдескені жөн. Бұл психологиялық әдептің негізі және талабы. Ал қазіргі жағдай қандай? Психологтерге жағдай жасалды дегеннің өзінде мектептегі ең нашар кабинет, ескі компьютер мен жиһаздар беріледі. Осыған қарап білім бөлімдері де, мектеп директорлары да психологтердің мектепте не үшін жүргенін түсінбейді-ау деген ойға қаламын, – дейді “Рух” психология және тұлғаны дамыту орталығының директоры Резеда Баймухаметова.
Психологтердің жұмыс істеуіне жағдай жасалмай отырғандығын білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технология орталығының әдіскері Ирина Якимова да мойындайды. Бүгінгі таңда өңіріміздегі психологтердің 75 пайызы кабинетпен жабдықталды деп айтылғанымен, оны “жеке” деп айтуға ауыз бармайды. Себебі, бір кабинетте әлеуметтік педагог, инспектор сияқты бірнеше маман отырады екен. “Қабырғада да құлақ бар” деген көзқараспен өскен бала көңілінде жүрген мәселесін көптің ортасында отырған психологке барып айтпасы анық. Ал сонда психолог өз міндетін қалай атқармақ?
Тіпті, ай сайын оқушыларға берілетін тестілеудің нәтижесін талдауға да мүмкіншіліктері жоқ. Мәселен, баланың өз-өзіне қол жұмсауға бейім екендігін анықтайтын тестілеудің нәтижесіне талдау жасау үшін 25 минут уақыт қажет көрінеді. Талап бойынша әр психологке 300 бала бекітілсе, әрбіреуінің тестіне талдау жасау үшін маманға 7500 минут уақыт қажет екен. Сонда психологке бір тестілеу бойынша толыққанды талдау жүргізу үшін 5 күн уақыт керек. Ал қазіргі таңда психологтердің осылай жұмыс істеуіне мүмкіндік бар ма?
– Психологтерді кезекшілікке қояды, көптеген шараларға қатысуға жібереді, мектепішілік жұмыстарды атқаруға жұмсайды. Мектеп әкімшілігі тапсырған жұмыстарды орындаумен жүрген психолог балалар арасында тестілеу жүргізгенімен, оның нәтижесіне талдау жасауға уақыт таба бермейді. Сосын ол алынған нәтижені қағаз күйінде папканың ішіне салып қояды. Алда-жалда төтенше жағдай орын алса, ең бірінші психологті әрлі-берлі сүйрейтіні белгілі. Егер психологтің тестілеудің нәтижесіне талдау жасауына мүмкіншілік жасалмаса, баланың жан дүниесінде болып жатқан қиыншылықты ол қайдан біледі? – дейді Резеда Сәлімжанқызы.
Ал көршіміз Ресейде психологтердің жұмысы ретке келтірілген. Оларға аптасына 36 сағат бөлініп, оның 18 сағатында психологтер мектепте жұмыс істеп, оны талдау жасауға арнаса, қалған уақыттарында біліктіліктерін арттырады.
“ОҚЫТАР ЕДІМ, ОҚУЛЫҚ ТА,
САҒАТ ТА ЖОҚ”
Бұл да өзекті мәселелердің бірі. “Алдың жар, артың жар. Барар едің қай жаққа?” демекші, мәртебесі жоқ, жалақысы аз, қажетті материалдық-техникалық базамен қамтылмаған психологтердің жұмысы да тиісті нормативтік құжаттармен бекітілмеген. Білім және ғылым министрлігі бұл жұмысты жергілікті атқарушы органдарға тапсырып, әр облыстың психологтері өздерінің өңірлік бағдарламаларын жасап, сол бойынша жұмыс істеуде. Мектептерде психолог мамандардың жұмысы қалай жүріп жатқандығына да күмәнмен қарауға болады. Себебі, оларға балалармен жұмыс істеуге арнайы сағат бөлінбеген. Психология сағаты болмағандықтан, мамандар балалармен кездесу үшін болмайтын сабақтардың уақытын пайдалануға мәжбүр. Ал қажетті оқулықтармен, әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілу жағынан орыстілді мектептердің психологтері еш қиыншылық көрмесе, олардың қазақтілді әріптестерінің қолдары байлаулы. Себебі, қазақтілді мектептердегі психологтердің қолына жөні түзу оқулықтар да, әдістемелік құралдар да түспей отыр.
Бірнеше жыл бойы мектепте психолог болып жұмыс істеген, қазіргі таңда М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің магистрі, оқытушысы Ғалия Баязитованың айтуынша, қазақстандық авторлар – ғылым докторлары жазған оқулықтар жеткіліксіз. Сондай-ақ, қосымша әдістемелер де психологтердің көбінің қолында жоқ.
– Бүгінгі таңда психологтер әдістемелік құралдарды орыс тілінен аударады. Алайда, аударған кезде сөздердің мағынасы өзгеріп кетуі мүмкін. Жалпы елімізде психология бойынша санаулы болсадағы қазақ тілінде жазылған әдістемелік құралдар бар. Бірақ олар министрлік тарапынан таратылмай отыр, – дейді Ирина Якимова.
Бір сөзбен айтсақ, еліміздің мектептеріндегі психология саласында “жоқ” деген дүние өте көп. Ал артылған жауапкершілік зор.
“Бас жарылса, бөрік ішінде” дегендей, құзырлы органдар “Мектептерде психолог мамандар жеткілікті” деген мәлімет таратқаннан әрі аспайды. Мамандар жеткілікті болғанымен, жұмыс сапасы ақсап тұрғаны ешкімді алаңдатпағаны ма? Қордаланған мәселелер шешімін таппаса, психолог мамандардың жағдайы назарға алынбаса, жас буынның жан дүниесін бал ашып білеміз бе?
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.