«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПСИХОЛОГТІҢ КЕҢЕСІ КҮШ БЕРГЕНДЕЙ…

“Даму” қорының солтүстікқазақстандық филиалының ұйымдастыруымен Петропавл қалалық зағиптар қоғамында “Іскерлікке шек жоқ” атты тренинг өтті. Қалада бірінші рет өткізіліп отырған бұл шараға іскерлігін жаңадан қолға алған мүгедек-кәсіпкерлер шақырылды. Олардың бірқатары – “Даму-көмек” бағдарламасының “Жұлдыздарға қара” қайырымдылық жобасына қатысқандар.

Тренингті жүргізген психолог Дмитрий Агапов мүгедек-кәсіпкердің өзін бүгінгі қоғамда қалай ұстау керектігі, психологиялық кедергілерді қалай жеңуге болатыны, талабы мен іскерлігін көрсету жолдары, өзін-өзі басқара білу және жеке кәсіпкерлікпен айналысу арқылы әлеуметтік теңсіздікті жою сияқты мәселелер төңірегінде сөз қозғады.

Тренингке қатысушылар қысылмай, өз ойларын ортаға салып, бастан өткерген жағдайларды айтып, өздерін қоғамға пайдалы етудің жолдарын үйрену үшін белсенділік танытты. Мүмкіндіктері шектеулі жандар бұл күні көптеген пайдалы ақыл-кеңестерді санасына түйді.

Тренингке қатысқандардың арасында “Жұлдыздарға қара” қайырымдылық жобасына қатысып, “Казкоммерцбанк” қаржы институтының берген қайтарымсыз ақшасына ноутбук пен принтер сатып алып, өзінің кәсіпкерлігін бастаған Марат Нуркин де болды. Ол әріптестеріне өзінің мынадай ойын жеткізді: “Біз үшін өзіңнің қоғамға пайдалы екеніңді ұғынудың маңызы зор. Сондай-ақ бүгінгідей басқосулар бізге өзімізді түсінуге үлкен көмек көрсетеді”, – деді.

Басқа да қатысушылар өздерінің бұл күнгі шараға ризашылықтарын білдірді. Тренингтің соңында оларға сертификат табыс етілді.

(Өз тілшімізден)

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp