Облыс орталығында республикалық дебат турнирі өтті. Дәстүрлі дода теріскейде жыл сайын ұйымдастырылады. Биыл өңірімізге 10 облыстан 70-ке жуық пікірсайысшы келіпті.
– Жаһандық интеллектуалды заманда пікірсайыстың маңызы зор дер едім. Дебатқа үйір жастар сыни ойлау қабілеттерін дамытады. Сыни ойлай алатын адам ғана кез келген мәселенің түйінін салқын ақылмен шешуге тырысады, – дейді облыстық жастар мәслихатының жобалық координаторы Рүстем Арман.
Дебат – сөздік қоры бай, терең білімді және ойын ашық жеткізе алатын адамдардың пікірсайыс алаңы. Нақты дерек-дәйек пен мысалдар ұсынылуы қажет. Республикалық турнирде өңір тұрғындарын толғандырған өзекті мәселелер қаралды. Облысымыздың намысын 2 клуб қорғады.
– Біз Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің атынан келдік. Білім ошағында апта сайын тренинг ұйымдастырылады. Өзіміз сол жерде дайындаламыз. Қостанай облысында дебатшылар өте көп. 2 клуб құрылған. Оларға 100-ге жуық студент мүше, – дейді Қостанайдан келген қатысушы Индира Артықбай.
Турнир 2 күнге жалғасты. Шараға тәжірибелі мамандар төрелік етіп, жеңімпаз бен жүлдегерлерді анықтады. Чемпион – «Қызылжар фракциясы» командасы. Оған павлодарлық және астаналық қос дебатшы мүшелік етті. Сөзге шешен жастар ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Диляра АБИШЕВА,
Әлихан Бөкейхан атындағы №25 жалпы білім беретін орта мектептің 11-сынып оқушысы.