“Nur Otan” партиясы ұйымдастырған праймеризге қатысушылар арасында пікірсайыс жеребесі тартылды. 14-30 қыркүйек аралығында өтетін саяси шараға қатысушылар әрқайсысы алты адамнан тұратын 19 топқа бөлінді. Кандидаттар екі раундтық ашық диалог барысында өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, сұрақтарға жауап береді.
Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әсем Рахметова тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған праймериздің ерекшелігі мен маңыздылығына тоқталып, дебаттар барлық кандидаттар үшін міндетті шарт екенін ескертті. Одан бас тартқандар кандидаттар тізімінен шығарылады.
– Петропавл қаласы бойынша барлық санитарлық талаптар қатаң сақталған орындар дайындалды. Әлеуметтік желілерде, кандидаттар мен партия филиалдарының аккаунттарында хабар таратуды жоспарлап отырмыз.
Партия филиалының баспасөз хатшысы Ілияс Сабдиновтың айтуынша, үгіт, негізінен, әлеуметтік желілер арқылы жүргізілмек. Карантинге байланысты дәстүрлі БАҚ-та жиындар ұйымдастыруға тыйым салынған.
Өңір бойынша праймеризге барлығы 645 үміткер қатысады. Жеребе тарту партияның барлық аумақтық филиалдарында өтті.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.