Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күреске белсене кірісіп, “бармақ басты, көз қыстылыққа” қарсы барлық мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға дайын екендігін көрсетті. Жемқорлықты жою мақсатында заңнамалық актілер де қабылданды. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты ашық мемлекет, кәсіби мемлекеттік аппарат құру, заңның үстемдігін қамтамасыз етіп, бизнестің дамуына жағдай жасау болып табылады. Жуырда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Елена Степаненкомен кездесіп, атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарлары төңірегінде әңгімелескен едік.
– Елена Федоровна, өткен жексенбі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күнін бүкіл әлем жұрты атап өтті. Демек, бұл дерт біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде өзекті екенін аңғарта ма?
– Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен 2004 жылдан бастап жемқорлықпен күрес күні аталып өтіледі. 2003 жылғы қараша айында Мексиканың Мерида қаласында жоғары деңгейде өткен саяси конференцияда Біріккен Ұлттар Ұйымының сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы қабылданған болатын. Бұл құжатқа қол қойған мемлекеттер сыбайлас жемқорлық, бюджеттік қаржыны жымқыру және жемқорлықпен келген табысты заңдастыру әрекеттерін қылмыс деп есептеуге міндеттелді. БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі Ханс Корелл конференцияға жиналған жүзден астам мемлекет өкілін конвенцияға қол қоюға шақырған еді.
БҰҰ-ның мәліметіне сәйкес жыл сайын параның көлемі бір триллион долларға жетеді. Әлемдік экономика жемқорлықтың кесірінен 2,6 триллион доллардан айырылады. Бұл жалпы ішкі өнімнің 5 пайызын құрайды. Сондықтан бұл күні көптеген елдерде жемқорлыққа қарсы күресті насихаттайтын кездесулер мен конференциялар, семинарлар мен басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады.
– Ал біздің елімізде, соның ішінде өңірімізде қандай іс-шаралар жүзеге асырылуда?
– Үстіміздегі жылдың ақпан айында облысымызда “Адал жол” акция-марафоны бастау алып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар өңіріміздің барлық аудандарында жүргізілді. Желтоқсан айында өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы облыстық форумда аталмыш акция және осы бағытта атқарылған жұмыстар қорытындыланды.
Сонымен қатар қараша айында өңіріміздегі барлық мемлекеттік органдарда “Өзің адал бол!”, “Parasyz Soltústіk Qazaqstan”, “Халық заңгері” акциялары, жалпы, орта арнаулы және жоғары білім беру мекемелерінде бірыңғай сағаттар мен “Таза сессия” акциялары өтті.
Әрине, департаменттің жұмысы жемқорлықпен күрес күнін атап өтумен ғана шектелмейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында айтылған міндеттерді орындау бағытында келесі жылдан бастап барлық облыстарда “Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер” жобалық офистері ашылмақ. Біздің өңіріміздегі жобалық офисті “Қызылжар өңірі – адалдық алаңы” деп атауды жөн көрдік. Сонымен қатар әртүрлі салаларда және тұрғындар арасында “бармақ басты, көз қыстылықтың” алдын алуға бағытталған “Қоғамдық бақылау картасы”, “Protecting business and investment” сияқты жобалар мен акциялар да қолға алынды.
– Осы жұмыстарды қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында қандай оң нәтижелерді айтар едіңіз?
– Әлемдегі сыбайлас жемқорлық туралы ең толық әрі дұрыс мағлұмат беретін, жемқорлық факторларын анықтайтын “Transparency International” халықаралық үкіметтік емес ұйымы наурыз айында 2017 жылғы сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексін жариялаған болатын. Қазақстан әлемнің 180 елінің арасында 31 ұпай жинап, 122-ші орынды иеленіп отыр. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда, көрсеткіштің 2 ұпайға және 9 сатыға жақсарғанын көрсетеді. Осылайша, еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа оң баға берілді.
Сонымен қатар “Doing business – 2018” қорытындысына сәйкес Қазақстан келісімшарттарды орындау бойынша 190 елдің ішінде алтыншы орыннан көрініп отыр. Ал Бүкіләлемдік экономикалық форум аясында жасалған “2016-2017 жылдардағы жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі” баяндамасы бойынша Қазақстан 138 ел арасында 53-інші орынға ие болды. Ал инвесторларды қорғау көрсеткіші бойынша 2011 жылғы 36-ыншы орыннан былтыр үшінші орынға көтерілдік.
Ол облыстағы жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарының нәтижесін қоғамдық бірлестіктер жүргізетін әлеуметтік зерттеулерден де байқауға болады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тұрғындардың жемқорлықты қабылдау деңгейін анықтау үшін жыл сайын “Іскерлік климат” әлеуметтік зерттеуін жүргізеді. 2015-2016 жылдардың қорытындысы бойынша өңіріміз жемқорлық ең төмен облыстар қатарында. “Сыбайлас жемқорлық кәсіпкерлердің көзімен” зерттеуінде облысымыз мемлекеттік органдар жұмысының адалдығы мен тиімділігі бойынша бірінші орынды иеленді.
– Сіз қалай ойлайсыз, сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабуға бола ма?
– Сыбайлас жемқорлықты жоюға болады әрі бұл біздің міндетіміз. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, мемлекет пен қоғам бірлесіп жұмыс істеген жағдайда ғана оны жеңу мүмкін. Сондықтан әр азамат жемқорлық үшін қарастырылған жауапкершілікті түсінуі қажет. Бұл, қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілік қана емес, қоғам, мемлекет, болашақ ұрпақтың алдындағы міндет. Еліміздің әрбір тұрғыны осыны түсінген жағдайда ғана барлық саладағы сыбайлас жемқорлықты азайтуға мүмкіндігіміз бар.
Әңгімелескен Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústіk Qazaqstan”.