«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПӘТЕР АЛДЫ

Айыртау ауданындағы Елецкое ауылының тұрғыны, соғыс ардагері Николай Ивановскийге жаңа пәтердің кілті салтанатты түрде табысталды. Ардагер енді Саумалкөл ауылындағы шағынауданда тұратын болады.

Украинада туған Николай Ивановскийдің отбасы тағдырдың жазуымен Қазақстанға көшіп келген. Жастайынан еңбекке араласқан Николай Андреевич колхозда бақташы болған. 1943 жылы әскерге шақырылып, оқыту батальонында дайындықтан өтеді. Белоруссия, Прибалтика және Шығыс Пруссия жерлерінде соғысқа қатысқан Николай Андреевич басынан ауыр жарақат алып, госпитальда жатып емделеді.

Соғыс аяқталған соң өзі майданға аттанған “Сырымбет” кеңшарына қайтып келіп, бейбіт еңбекке араласты. Отбасын құрып, “Междуозерное” колхозында мал бағып, тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде белсенді еңбек етті.

Соғыста көрсеткен ерлігі, одан кейінгі еңбегі үшін І дәрежелі Отан соғысы орденімен, “Ерлігі үшін”, “Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін” және “Георгий Жуков” медальдарымен марапатталды, “Еңбек ардагері” атанды.

Зайыбымен бірге бес бала тәрбиелеп, он немере-шөбере сүйген қарт майдангер: “Кезінде еліміздің жарқын болашағы үшін жан аямай қан төксек, бүгінде құрметке бөленіп отырмыз. Мемлекеттің, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ардагерлерге көрсетіп отырған қамқорлығының арқасында пәтер алып отырмын. Ұлы Жеңістің 70 жылдығын жаңа пәтерде қарсы алатын болдым. Еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығы ұзағынан болсын!” – деген жүрекжарды сөзін үлкен тебіреніспен жеткізді.

Бағлан ҚОЖАҚОВ,

журналист.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp