Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы заң жобасына қол қойған болатын. Аталған заң 2016 жылдың 14-ші желтоқсанында басылымдарда жарияланып, сол күннен бастап қолданысқа енгізілді.
Рақымшылық жасау туралы заңға кімдер ілігетіні – көпті мазалап жүрген мәселенің бірі. Заң қылмыстық теріс қылықтар және жеңіл қылмыстар, сонымен қатар ауырлығы орташа қылмыстар жасаған азаматтардың әлеуметтік әлсіз санаттарына қолданылып, оларды қылмыстық жазадан босатуды көздейді. Сонымен бірге осы заңда ауырлығы орташа қылмыстар үшiн бас бостандығынан айрылған адамдарға жазасының өтелмеген бөлігін айыппұлға не бас бостандығын шектеуге ауыстыру көзделген.
Темір тордан шығатындар қатарында жүкті, кішкентай және мүгедек балалары бар, жасы 50-дегі және одан асқан әйелдер, кәмелеттік жасқа толмағандар, әлеуметтік әлжуаз топқа жататын адамдар бар. Келесі бір топ – ауыр және аса ауыр қылмыстары үшін сотталғандар. Бұл топ үшін өтелмеген мерзімінің жартылай немесе төрттен, не бестен бір бөлігін қысқарту көзделген. Егер әлеуметтік әлжуаз топ қатарындағы сотталғандардың қылмысы ауыр болса жартысы, егер аса ауыр болса бестен бір бөлігі қысқартылмақ. Бұл жерде әлеуметтік әлжуаз топ ретінде кәмелеттік жасқа толмағандар, жүкті әйелдер, кішкентай немесе мүгедек балалары бар әйелдер, мүгедектер, 50 жастағы немесе одан асқан әйелдер, 60 жастағы немесе одан асқан ер адамдар және тағы басқалар алынып отыр. Егер ауыр қылмыс жасап, зардабын өтеген болса, оның өтелмеген мерзімінің төрттен бір бөлігі қысқартылуға жатады.
Тағы бір топ – қылмыстық істері алдын ала тергеуде, не сот қарауында жатқандарды қамтиды. Егер олардың әрекеті қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар және ауырлығы орташа қылмыстар қатарына жататын болса, рақымшылыққа ілігеді.
Рақымшылық заңы қолданысқа енген күннен бері, яғни 2017 жылдың 2 айы ішінде облыс соттары жазасын өтеп жатқан 254 адамды қылмыстық атқару инспекциясынан, 40-ын түзету мекемесінен және істері сот қарауында болған 75 кісіні босатты. Бас бостандығынан айыру жазасына кесілген 61 адамға жазасының өтелмеген бөлігі жеңіл жазаға ауыстырылды. Сонымен бірге облыс соттары ауыр және аса ауыр қылмыстары үшін сотталған 175 азаматтың өтелмеген жаза мерзімін қысқартты. Облыс аумағының қылмыстық қудалау органдары 162 қылмыстық істі рақымшылық заңы шеңберінде қысқартты.
Рақымшылық жасаудың басты мақсаты – заңды бұзған азаматтарға адамгершілік, рақымшылық таныту, сенім білдіру. Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл рақымшылық идеясы тек жазадан босату емес, босаған азаматтарды еліміздің толыққанды мүшесі қатарына қосу болып отыр. Осы мақсатпен бостандыққа шыққандарға әлеуметтік қолдау көрсетілмек.
Уәлихан МҮСІРӘЛИЕВ,
Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының басқарма прокуроры.