Қасиетті Құрбан айттың бірінші күні облыстық “Қызылжар” орталық мешітіне жиналған қауымның қарасы қалың болды.
Ағайын арасын жақындатып, адамдарды мейірімге, игілікке, ізеттілікке үндейтін ұлық мерекеге келген барша мұсылман қауымын облыс әкімі Ерік Сұлтанов құттықтап, ақ тілегін арнады.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында біздің еліміз әлемге ұлтаралық келісім мен қоғамды біріктірудің үлгісі ретінде танылды. Жыл сайын Астанада өтетін әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі оған дәлел бола алады. Биылғы Құрбан айттың орны бөлек. Ол Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Егемендікке қол жеткізуіміздің арқасында Қазақстан халқы ұлттық және діни мерекелерді тойлауға мүмкіндік алды. Құрбан айт қазақстандықтардың рухани өміріндегі елеулі оқиға болып табылады, – деген Ерік Хамзаұлы Отанымызға бірлік, әр отбасына бақыт пен денсаулық тіледі.
Мерейлі мейрамды айт намазын оқумен бастауға жиналған жамағат алдында сөз сөйлеген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облысымыздағы өкіл имамы, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай Дүйсенбай да мерекенің мәні мен мағынасына тоқталып, еліміз аман болып, қамбаларымыз алтын астыққа толсын деген ниетін жеткізді.
Осынау ізгі ниеттерден кейін жиналған жұрт намазға жығылып, Жаратқаннан жақсылық тіледі.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.