«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

РЕЗЕҢКЕ ДӨҢГЕЛЕКТЕРДІ ҚАЙДА ӨТКІЗУ КЕРЕК?

Газетіміздің үстіміздегі жылғы 8 қыркүйек күнгі санында “Қалдықты қажетке жаратып…” деген тақырыпта мақала жарияланған болатын. Онда пайдалану мерзімі өтіп, жарамсыз болып қалған машина дөңгелектерінен резеңке жамылғылар шығарумен айналысатын “Soltustik Rubber Recycling” ЖШС-нің жұмысы жайлы жазылған еді. Осы жаңалыққа оқырмандарымыз ерекше қызығушылық танытуда. Олар ескі резеңке дөңгелектерді қайда өткізуге болатынын және серіктестік оған ақы төлей ме деп сұрайды.

Бүгін резеңке жамылғылар шығаратын серіктестіктің директоры Талғат Галеевтің оқырмандар сауалына жауабын жариялап отырмыз.

– Біріншіден, оқырмандардың бұл жаңалыққа назар аударуы – біз үшін өте қуанышты жайт. Ел игілігі үшін өзіміздің пайдамызды тигізсек, бұдан артық бізге не керек?! Қалдық дөңгелектерді осындай пайдалы іске жаратқан дұрыс. Ал бұл игі бастаманы құптап, бізге қолдау көрсеткен адамдарға ризашылығымыз шексіз. Қалдық дөңгелектер үшін ешқандай ақша төленбейді және біз ешкімнен ақша алмаймыз. Қалалық әкімдіктің қолдауымен дөңгелек жөндеу орындары мен полигондардан қалдық резеңке жинадық. Бірақ ірі автотранспорт кәсіпорындары кәдеге жарату үшін дөңгелектерді тапсыратын болса, заң бойынша олар ақша төлеуге міндетті. Ал бұл қалдықтарды өңдеу үшін біз көп қаржы жұмсаймыз. Өйткені, қалдық резеңкелерден көп шаң-тозаң шығады. Дегенмен, біздің серіктестік біреуден ақша алу үшін қалдық резеңкелерді жинамайды. Керісінше, істен шыққан дөңгелектерден өнім өндіруді жолға қойдық. Сондықтан кез келген адам Я.Гашек, 40 мекенжайында орналасқан өңдеу цехына келіп, ескі дөңгелектерін тапсыруларына болады. Егер осындай дөңгелектерді тапсыруға аудандардан өтініш түссе, біз мүмкіндігімізше өзіміз барып алып кете аламыз. Тікелей бізбен байланысқа шығатын адамдар болса, Жамбыл көшесі, 174, 17-кеңсеге немесе 49-01-80 телефоны арқылы хабарласқандары жөн.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp