Облыс және қала аумағында заңсыз жолаушы және жүк тасымалдау фактілерін анықтау мақсатында жүргізілетін рейдтік шаралар жалғасуда.
Тәртіп сақшылары сапаржай, Петропавл қаласындағы ірі сауда үйлері мен базарларға таяу маңдағы автотұрақтарды тексеруде. Себебі, тасымалдаумен айналысуға рұқсат құжаты жоқ жүргізушілер көбіне өз қызметтерін осы жерлерде ұсынады. Сонымен қатар, рейд барысында құжаттар мен көліктердің жабдықталуы да тексеріледі.
Аталған шара алдымен қоғамда ұсақ бұзақылықтарға “мүлдем төзбеушілік” ахуалын қалыптастыру мақсатында жүргізілуде. Заңсыз тасымал қызметінің жолаушылар үшін пайдасыз тұстары көп. Атап айтар болсақ, жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда денсаулыққа, жүкке келтірілген зиян көлеміне өтемақы өндіріп алу қиынға соғады. Бұдан бөлек, олар салық төлеуден жалтарады.
Жыл басынан бері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес тиісті органдардың рұқсатынсыз кәсіпкерлікпен, өзге де қызметпен айналысқандарға қатысты 24 хаттама толтырылған. Аталған баптың санкциясымен жеке тұлғаларға – 15, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 25, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 40 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынды.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық ішкі істер департаменті
баспасөз қызметінің аға инспекторы.