
Құрылыс және қала құрылысы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салалары бойынша өткен әкімдіктің кеңейтілген алқа отырысында өңір басшысы Құмар Ақсақалов көпқабатты үйлер салуға басымдық берілетінін, алайда, Петропавлдың аумағы өзгертілмейтінін атап көрсеткен болатын. “Біз қаланы далитып, соза берсек, көптеген инфрақұрылымдық проблемаларға кезігеміз. Шаhарда 15 мыңдай жекеменшік үй бар. Олардың көбі ескірген, тозған, тұруға жарамсыз десе де болады. Реновация бағдарламасы арқылы баспана қоры жаңартылатын болады” – деген еді. Алқа отырысынан кейін құрылыс басқармасының басшысы Серік Мұхамедиевтен реновацияны қазақы ұғымда жеткізіп беруін өтінгенімізде, негізгі мәні ескі құрылыстардың орнына жаңасын тұрғызу деп қысқаша жауап берді.
Иә, жаһандану, озық технология жаңалықтары өмірімізге дендеп енгені соншалық, шетел сөздерін жиі қолдануға бойымыз да, ойымыз да әбден үйреніп кетті. Ал “реновация” термині құлағымызға алғаш рет шалынып отырғаннан кейін мағынасын зерделемек ниетпен сөздіктерді қарауға тура келді. Уикипедия ашық энциклопедиясында берілген анықтамаға сүйенсек, “renovatio” – жаңару, қалпына келтіру, жөндеу, фирманың сапалық жағынан ескіріп, тозған негізгі қорларын жаңаларымен ауыстыру, яғни табиғи және сапалық тозуы салдарынан өндірістен шыққан жабдықтарды, құралдарды жаңа негізгі құрал-жабдықтармен ауыстыру жөніндегі экономикалық үдеріс деген мағынаны білдіреді екен. Жалпылама сипаттаманың түп-төркінін зерделей отырып реновация процесінің сан-алуан бағытты қамтитынын, оның ішінде өндірістік, азаматтық құрылыс саласына да дендеп енгенін аңғару қиын емес.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Еуразия жүрегінде” кітабында былай деп жазады: “Астананың орталық көшелері мен алаңдары жаңа еуразиялық астананың тыныс-тіршілігін көрсетіп тұрса да, орталық көшеден оңға не солға бұрылып, әлдебір аулаға кіріп кетсеңіз, қарсы алдыңыздан ескі Целиноградтың “қотыр үйлі, қисық жолды” хрущевтік бейнесі ашылып салады. Осыған орай мыңдаған метр ескі, тозған тұрғын үйлер бұзылып, олардың орнына мұнтаздай жайлы үйлер салынды. Мыңдаған астаналық отбасы бұдан бірнеше жыл бұрын қиялына да кірмеген қазіргі заманның барлық стандарттарына жауап беретін жаңа тұрғын үйлерге көшті. 10 жыл ішінде жарты миллион халыққа арнап үш миллион шаршы метрден астам мұнша жаңа тұрғын үй салу – бұрындары ешқашан болмаған қарқын”. Иә, Нұр-Сұлтан қаласында реновация үдерісі қызу қарқын алып, тұрғын үй саясатына ерекше екпін беріліп отырғанына бәріміз куәміз. Қазіргі заман талабымен еш үйлеспейтін баспаналардың қаланың әсем келбетін бұзатын сиықсыздығын, тұрмысқа жайсыздығын айтпағанда қалай болса солай еш ретсіз орналасуы көптеген қиындықтар тудыратын. Осы себепті, бас жоспар негізінде іргелі архитектуралық ізденістерге жол ашылды. Бұл жағынан алғанда, елордадан үйренеріміз көп.
“Хрущевка” дегеннен шығады, мұндай біртектес, сұрқай бесқабатты тұрғын үйлерді облыс орталығынан жиі ұшыратуға болады. Кезінде тұрғындардың баспанаға деген сұранысын өтеп, белгілі дәрежеде өмір сүру деңгейін жақсартқанымен, қазіргі тұрмыс деңгейімен өлшесек, тұруға қолайсыз екені рас. Пайдалануға берілгеніне кемі жарты ғасыр өткен баспаналар моральдық жағынан да әбден тозғаны талассыз шындық. Бұдан тысқары 15 мыңға жуық ескірген жер үй бар екенін жоғарыда айттық. Соңғы 3 жылда 700 үй бұзылды, тағы 300-і сүріледі. Бұрын қаланың кіреберісіндегі “ДСР” деген атқа ие шағынауданның жағдайы адам төзгісіз еді. Қазір ол жерде “Жас өркен” шағынауданы бой көтеріп, құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде. Биыл 95,3 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстарын атқару жоспарланған. Былтыр 250 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы іске қосылса, келесі жылғы меже, тіпті, ауқымды, 270 мың шаршы метр немесе 3 мың жайлы пәтер! Шаhарда 900 орынды екі мектеп, 2198 пәтерлі 29 көпқабатты тұрғын үй, 500 орындық қазақ театры пайдалануға беріледі.
Петропавлдың бас жоспарына өзгертулер енгізу, алты шағынауданды дамыту, абаттандыру мәселелері талқыланған қалалық құрылыс кеңесінің отырысында Қ.Ақсақалов құрылыс көлемі 12 пайыз артқанын айта келіп, қаланы ұлғайту көп қаржыны талап ететінін, ескі ғимараттардың орнына жаңа нысандар тұрғызу жалғасын табатынын, “Копай” шағынауданына желілер тарту жоспарланғанын айтқан еді. Өкінішке қарай, кей тұрғындар реновация мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылатынын, тұрғын үй қорын жаңғыртудың маңызды бөлігі болып табылатынын түсіне бермейді. Оны “Жас өркен” шағынауданының аумағында ескі үйлерді сүру кезінде кей отбасылардың наразылық білдіріп, қисынсыз талаптар қоюы анық байқатты. Оларға барынша таңдау құқығы берілгеніне қарамастан, кейбіреулер өтемақыны шамадан тыс қарпып қалуға тырысып, көшуге үзілді-кесілді қарсы шықты. Биліктегілер реновацияға енуі мүмкін тұрғын үйлер тізбесі жан-жақты ойластырылып жасалғанын, сүрілген баспана иелеріне өтемақы төленетінін, жайлы үйлерге көшірілетінін қанша түсіндірсе де, келісімдерін бермей әбден әуреге салғандар да табылды. Осындай “алашапқын” сәтте қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің кейбір қызметкерлері қызмет бабын асыра пайдалану арқылы реновация бағдарламасына қарастырылған жүздеген миллион теңгені жымқырмақ болған. Бұл әрекеттері әшкереленіп, сот үкімімен лайықты жазаларын алды.
Өңірде ескі үйлердің көптігі, жер телімдерінің жетімсіздігі біраздан бері айтылып келеді. Петропавл қаласын дамытудың бас жоспары ең алғаш 1984 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен қабылданып, 2007 жылы жаңартылған. Одан бері де бірнеше рет толықтырулар қосылып, биыл жаңа нұсқасы бекітілмек. Бас жоспарда шаhар аумағын өркендетудің негізгі бағыттары, әлеуметтік, рекреациялық, өндірістік, көліктік, инженерлік инфрақұрылымдармен қоса табиғи-климаттық, функционалдық аймақтық, резервтік, табиғи, экологиялық, техногендік жағдайлар жете ескерілген. Әлеуметтік-экономикалық дамудың басты бір индикаторы демографиялық ахуалды жақсартуға айрықша мән берілген.
Бүгінде қала тұрғындарының саны 215 мыңға жетеғабыл десек, болашақта 400 мың адамға дейін өсу ықтималдығы болжанған. Осындай өрелі өзгерістер барынша ескеріліп, құрылысты бос аумақтар (1093 га.), ескі үйлерді бұзу (285 га.) және қазіргі құрылыстар (39 га.) есебінен жүргізу қарастырылған. Жер үй қоры 212 мың шаршы метрге дейін азайтылып, халықтың барлық әлеуметтік топтары үшін жаңа тұрпатты баспаналар салуға басымдық берілген. Оның ішінде “Жас өркен”, “Орталық”, “Ойқала”, “Юбилейный”, “Солнечный” шағынаудандары құрылыс алаңына айналмақ.
Расында да, қаланы жөн-жосықсыз соза беретін болсақ, көлікпен қамтамасыз ету, тағы басқа түйінді мәселелерге жолығарымыз анық. Бұл орайда жол қозғалысын жетілдіруді ұйымдастыру, магистральдардың өткізу қабілетін арттыру, сумен жабдықтау мәселелері айрықша маңызды. Жамбыл көшесі бойындағы тозған бірқабатты құрылыстарды, тұрғын үй қорын көпқабатты, мәдени-тұрмыстық, ойын-сауық мақсатындағы нысандармен ауыстыру белгіленген. “Солнечный” шағынауданында жер үйлермен қоса қызмет көрсету, мәдени, тамақтану, сауда-саттық нысандарын салу ұсынылған.
Қаланың ішкі көлік байланыстарын әрі қарай дамыту, осы заманғы көше-жол желісін қалыптастыру, шағынаудандар арасында сенімді көлік байланысын құру мәселелерін кешенді түрде шешу оңайға түспесі анық. Мысалы, сумен жабдықтау жайына сын көп айтылады. Қазір тәулігіне 50,84 мың текше метр су тұтынылса, алдағы уақытта сұраныс 90,25 мың текше метрге жететін көрінеді. Демек, қазіргі сутаратқыштың қуаттылығы 16-20 көпқабатты үйлерді қамтамасыз етуге қауқарлы ма, жоқ па, уақыт көрсетеді. Ол үшін апаттық учаскелердің желілерін қалпына келтіру, жаңалау, жаңа технологияларға көшу кезек күтпес міндеттердің бірі болмақ.
Су тарату жүйелері жаңалауды қажет етеді. Оның тәуліктік мөлшерін 41,87 мың текше метрден 65,37 мың текше метрге дейін арттыру, 36,3 шақырымға созылатын нөсер суы кәріз желілерін, 7 шақырымдық арық құбырларын, 4 шақырымдық дренаж жүйелерін тарту, 5 насос стансасын, 10 тұндырғыш салу міндеттері тұр. Бір сөзбен айтқанда, қаланың бас жоспарына және құрылыс салу қағидаларына сәйкес әзірленген жер учаскелерін бөлу, пайдалануға берілген әлеуметтік, мәдени нысандарды жылумен, сумен, газбен, электрмен жабдықтаудың, телефондандырудың, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етудің маңызы өте зор. Бұл – ұзақ мерзімге созылатын әрі орасан қаржыны қажет ететін игі істердің басы ғана. “Нұрлы жол” тұрғын үй-оммуналдық шаруашылығын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында күрделі жөндеу, реновация, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жетілдіру тұрғын үй қорының басты бір міндетіне жатқызылған.
Петропавл қаласының бас жоспарына түзетулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жиын Құмар Іргебайұлының, сала мамандарының өзіндік ерекшелігімен, ауқымдылығымен сипатталатын реновация сөзіне ерекше екпін түсіруінің мән-жайын жете ұғынғандай болдық.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.