Осыдан екі ай бұрын із-түссіз жоғалған Мамлютка қаласының тұрғыны Ресей астанасы — Москва қаласынан табылды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 30 жастағы ер адам қаңтар айының аяғында отбасылық жанжалдан кейін үйінен шығып кеткен. Іздеу жарияланғаннан кейін оның Ресей Федерациясына кеткені анықталып, аумақтық бөлімшелерге ол жайлы ақпараттар жолданған. Ресейлік әріптестерінің көмегімен жергілікті тәртіп сақшылары азаматтың нақты мекенжайын анықтады. Москва қаласында ол тіркеуге тұрып, жұмысқа орналасып үлгеріпті. Алайда, жақындарына тек полиция қызметкерлерімен сөйлескеннен кейін ғана хабар берген.
Жыл басынан бері іздеу жарияланған 26 адамның жүрген жері анықталды. Олардың барлығы жақындарына айтпастан, үйлерінен шығып кеткен. Сондай-ақ, есептік кезеңде тәртіп сақшылары 13 қылмыскерді іздеп тапты. Екі жыл бойы полицейлерден бой жасырған солтүстікқазақстандық Ақмола облысында құрықталды. 2017 жылғы мамыр айында ол Айыртау ауданында зейнеткерге қарақшылық шабуыл жасаған.