«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

РЕСЕЙДІҢ ҚҰС ЕТТЕРІ САУДАДАН АЛЫНДЫ

Петропавл қаласының сауда орындарындағы тағам өнімдеріне жасалған сынаманың нәтижесі көңіл көншітпейді. Облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті өңір орталығының сауда желілерінде сатылатын тағам өнімдерінің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізді. Жасалған 46 сынаманың 30 пайызы өнім қауіпсіздігі мен таңбалау көрсеткіштері бойынша Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды.

“Көктөбе-Қызылжар” ЖШС-і “Көктөбе” сауда үйі мен “Таткрафт Инвест” ЖШС-і “Семейный” гипермаркетінде эпидемиологиялық жағынан қауіпті өнімдер сатылғаны анықталды. Зерттеу барысында дүкен сөрелеріндегі құс өнімдеріне сынама жасалды. Нәтижесінде 9 сынаманың үшеуінде адамның денсаулығына қауіпті сальмонелла таяқшалы бактериялары табылды. Атап өтер болсақ, “Көктөбе” сауда үйінде Ресейдің Курск облысының “Курский Агрохолдинг” жабық акционерлік қоғамы өндірген құстың тоңазытылған қанаттары, бройлер балапандарының етінен жасалған дүмбілдерде жұқпалы ауруды қоздырушы таяқшалар бары анықталды. Ал “Семейный” гипермаркетінде Белгород облысындағы “Птицефабрика Новоездоцкая” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шығаратын “Сердце” және Омбы облысында жасалатын “Добрыня Никитич” өнімдерінде жұқпалы ішек ауруын тудырушы бактериялар табылды.  

Сонымен қатар, өнімдердің 66 пайызында Кеден одағының техникалық регламенттерімен бекітілген ұлттық заңнамалар мен талаптарға сәйкес мемлекеттік тілде ақпараттың жоқтығы белгілі болды.

Аталған сауда кәсіпорындарының басшыларына өнімдерді айналымнан шығару бойынша тиісті нұсқау берілді. Нәтижесінде 120 килограмм құс өнімі дүкен сөрелерінен алынып, қайта өңдеуге жіберілді. Аталмыш өнімдердің қауіпсіздігін растайтын құжаттарды ұсынбаған “Таткрафт Инвест” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әкімшілік жазаға тартылды.

Қазіргі таңда осы өнімдерді сауда желілеріне көтерме бағамен жеткізушілерді жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілуде. Облыстың сауда желілерінде сатылатын өнімдердің қауіпсіздігіне қатысты мониторинг одан әрі жалғасатын болады.

Марат ЖЕКСЕМБИН,

облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp