
Қазақстан-Ресей XVI өңіраралық форумында Солтүстік Қазақстан облысы ресейлік инвесторларға жаңадан құрылған экономикалық аймақтың тиімділігін пайдалануды ұсынды.
Омбыда өткен Қазақстан-Ресей XVI өңіраралық форумы аясында облыс әкімі Құмар Ақсақалов ресейлік бизнесмендермен кездесті. Петропавлда жаңадан құрылған арнайы экономикалық аймақ әңгіме өзегіне айналды. Онда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және синтетикалық материалдарды шығару жоспарланған.
Арнайы экономикалық аймақта өнімі экспортқа бағытталған кәсіпорындар ашылып, нәтижесінде 3 мың жаңа жұмыс орны пайда болады. Өңірде қазір 500-ден астам өндіріс орны ресейлік инвесторлардың қолдауымен жұмыс істеп жатыр. Оған облыста шағын және орта бизнеске жасалып отырған қолайлы жағдай себеп болуда. Арнайы экономикалық аймақ аясында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге басқа да көптеген тиімді ұсыныстар бар.
-Салық төлеуде жеңілдіктер болды. Инфрақұрылым мемлекет есебінен тартылады. Жер учаскесін береміз. Арнайы экономикалық аймақ 25 жылға құрылған. Өңдеуші өнеркәсіп бағытында жұмыс істейді. Басымдық берілетін инвестициялық жобалар бар, оларды корпоративтік табыс салығынан 10 жылға дейін және жер, мүлік салығынан босату мүмкіндігі бар, — деді облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек.
Форум аясында Уәлиханов ауданындағы қиыршық тас кен орнын пайдаланып, құрылыс материалын теміржолды қайта қалпына келтіру арқылы Омбы облысына сату мәселесі талқыланды.
-Теміржолды салу арқылы тасымалдау көлемін бірнеше есе ұлғайтамыз. Ресейлік тарап арзан материал алады, біз инвестиция тартамыз. Зауыттар салынып, облыста жаңа жұмыс орындары ашылады, — деді Құмар Ақсақалов.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.